19.08.2014 в 12:20

«Көксерек» пен ертегілерді корейше сөйлетті

2014 жылғы 22 тамызда сағат 16.00-де Астанадағы Корей елшілігіне қарасты «Корей мәдениеті» орталығында «Фолиант» баспасыбасып шығарған «Корей ертегілері» кітабының тұсаукесері болады. Корей тілінен қазақшаға алғаш аударылып, оқырманға ұсынылып отырған аталған кітаптың авторы есімі – елімізге танымал бола бастаған шығыстанушы, аудармашы, жергілікті және мемлекеттік басқару саласының маманы Дастан Ақаш.

Соңғы кездері байқап жүргеніміздей, Қазақстан мен Корей елінің арасындағы мәдени экономикалық байланыстар уақыт өткен сайын жаңа деңгейге көтеріліп келе жатыр. Осы орайда екі елдің мәдени өміріндегі ұқсастықтар жиі айтылуда. Тамыры тереңде жатқан бұл ұқсастықтар кітапқа енген корей ертегілерінің әрқайсысынан айқын аңғарылады.

Корей елінің еңбекқорлығын, адалдығын, мейірім-қайырылымдығын, ізетті де, ізгі қасиеттерін арқау еткен ертегілердің тілі тартымды, мазмұны бай. Бір сөзбен айтқанда, балалар санасына лайықты тілмен аударылған кітаптағы 10 ертегінің оқырманды ойлантып-толғантары, бей-жәй қалдырмасы анық. Кітап бүлдіршін қазақ балаларына ғана емес, корей тілін үйренуші студент жастарға, корей мәдениеті мен экономикасына қызығушыларға арналған.

Жалпы балалар әдебиеті – әлем халықтарының барлығына ортақ қазына. Сол қазынадан ұрпақты хабардар ету – ел ертеңін ойлағандықтың белгісі. «Фолиант» баспасының осы реттегі кішкентай оқырмандарға корей халқының ертегілерін қызықты көркем суреттермен ұсынуы қуанарлық та, құптарлық жай. Жақсылықтың көшбасшысы болған баспа өзінің жақсы істерін алдағы уақыттарда да жалғастырмақ ойда. Кішкентай оқырмандар жуық арада «Корей ертегілерінің» екінші кітабымен де қауышатын болады.

Корей ертегілерінің тұңғыш жарық көруіне байланысты тұсаукесер рәсіміне дипломаттар, мемлекеттік қызметкерлер, бизнес өкілдері, еңбектері елге мәлім қаламгерлер мен БАҚ өкілдері қатысады.

Тұсаукесер рәсімі Астана қаласындағы «Корей мәдениеті» орталығында өтеді. Ұйымдастырушы – «Фолиант» баспасы.