Бүгінгі күні ашық кен орындарының 90%-ы жер қойнауын пайдалануға тартылған. Бұл кен орындарының барлығы қазір үкіметке кіріс кіргізіп, халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуде.
Қазіргі таңда Қазақстан жер қойнауының минералдық ресурстармен байлығы және алуан түрлілігі бойынша әлемнің көшбасшы елдері тобына кіреді. Мысалы, алтынға байлығы бойынша - 15-орында, вольфрам - 1-орында, қорғасын - 5-орында, цинк - 5-орында, хром кені - 2-орында, мыс-12-орында және т.б.
Соңғы 10 жылда шикізат секторына тікелей инвестициялардың құйылуы 132 млрд.АҚШ долларын құрады. Бұл Қазақстанға тартылған жалпы инвестициялар көлемінің 60%-ын құрайды.
Қазақстан Республикасының егемендігі жылдары алғаш рет Мемлекеттік балансқа 119 көмірсутекті шикізат, 94 алтын, 19 марганец кені, 14 мыс, 16 темір кені және өзге де кен орындары қойылды.
Қазақстанда жер қойнауын пайдалануға 866 келісім-шарт қолданылуда. Олар еліміздің тау-кен және мұнай-газ секторларына инвестициялар ағынын қамтамасыз етті.
Минералдық-шикізат қорын толықтыру үшін геологиялық зерттеуге мемлекеттік бюджеттен соңғы 5 жылда 43 млрд. теңге бағытталды.
Бюджет қаражаты және жер қойнауын пайдаланушылардың инвестициялары есебінен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 5 жылда пайдалы қазбалардың басым түрлерінің болжамды ресурстары мен қорлары өсе түсті. Алтын қоры –475 тонна, мыс қоры –8 млн.тонна, қорғасын қоры –415 мың тонна, цинк қоры –988 мың тонна.
Еліміздің минералдық-шикізат қорын толықтыруды қамтамасыз ететін жаңа кен орындарын ашу үшін, бізге одан әрі де инвестициялар тарту керек екенін өз сөзінде Б.Нұрабаев атап өтті.
Қазақстанда алғаш рет мемлекеттік бюджет есебінен озық зерттеу әдістері түрінде мыналар жүргізілді: геохимиялық карталау, Жерді қашықтықтан зондтау, сондай-ақ гравибарлаудан, аэромагниттік және аэрогаммаспектрометрлік түсірулерден тұратын аэрогеофизикалық әдістер.
Министрлік ведомстволық ақпараттық жүйелерді дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Көмірсутекті шикізат, жер асты сулары және қатты пайдалы қазбалардың 35 негізгі түрі бойынша Қазақстанның минералдық-шикізат базасы анықтамалық-аналитикалық жүйесі құрылды.
Геологиялық ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «интерактивтік карта» ақпараттық жүйесін дамыту бойынша жұмыс жалғасуда. Тарихи геологиялық деректердің ашықтығына және оған қолжетімділікке жасалған тағы бір үлкен қадам болып интерактивтік картаға 1:200000 масштабты шығарылған геологиялық карталардың растрларын жариялау табылды. Енді әлеуетті инвесторлар мен жер қойнауын пайдаланушыларға онлайн режимінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі деректер, есеп беру материалдарының картотекасы ғана емес, сондай-ақ көрсетілген нәтижелі картографиялық материалдар да қолжетімді.
2015 жылдан бастап «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті 74-ші қадам – ҚПҚ және КСШ бойынша есептілік стандарттарының халықаралық жүйесін (CRIRSCO) енгізу бойынша жұмыс жүргізіп келеді.
2016 жылдың маусым айында Қазақстан CRIRSCO комитетінің 10-шы мүшесі болды. Пайдалы қазбалар қорының есебі халықаралық стандарттарына көшу минералдық-шикізат кешеннің инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықаралық биржаларға шығу үшін ұсынылатын ақпараттың ашықтығы мен анықтығын қамтамасыз ететінін айта кеткен жөн. Пайдалы қазбалар есебінің стандарттарын (CRIRSCO) күллі әлемнің жетекші қор биржалары мен банктері мойындайды.
Сонымен қатар, Қазақстанның геологиялық барлауына инвестициялар тартуды ынталандыру, инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар тудыру мақсатында, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесе отырып «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс әзірлеуде.
Жалпы, әзірленіп жатқан Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексте қарастырылған жаңа тәсілдемелерді іске асыру геологиялық барлауға инвестициялардың ағылып келуіне себепші болады. Нәтижесінде, бұл Қазақстан Республикасы аумағының геологиялық зерделенуін едәуір көтеруге, сондай-ақ еліміздің геологиялық-шикізат базасын толықтыруға мүмкіндік тудыратын болады.
Халықаралық ынтымақтастық аясында да жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Қазақстанның тау-кен секторына еуропалық компанияларды тарту үшін шетелдік инвестициялар тарту мақсатында қазақстан-германия ынтымақтастығы аясында неміс тарабы 15 ҚПҚ кен орны бойынша анықтамалық дайындады.
Сонымен қатар, ТМД елдерінің жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі Үкіметаралық кеңес аясында және Ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитетінің Геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі кіші комитеті аясында шекараға шектес аумақтарды геологиялық зерттеуге және тәжірибе алмасуға бағытталған ынтымақтастық жүзеге асырылуда.
Бұдан басқа, 5 елдің (Қазақстан, Ресей, Корея, Моңғолия, Қытай) қатысуымен шекараға шектес аумақтарды геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Ақтау қаласында Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Каспий маңы мемлекеттерінің (Ресей, Иран, Өзбекстан) геологиялық қызметтері өкілдерінің қатысуымен «Каспий өңірінің геологиялық мазмұнды ГАЖ-атлас картасы» халықаралық жобасы бойынша кеңес өтті. Кеңеске мемлекеттік органдардан, ғылыми ортадан және Каспий маңы елдерінің жер қойнауын пайдаланушылардан 150-ден астам делегат қатысты.
Астана қаласында ӨСҚАБ жөніндегі халықаралық конференция және ӨСҚАБ Халықаралық басқармасының отырысы өткізілді. Мұндай іс-шаралар Азия өңірінде алғаш рет өтті. Отырысқа Басқарманың халықаралық мүшелерін қоса алғанда барлығы 51 елден 120 адам қатысты.
Геолог мамандығын дәріптеу және мектеп оқушылары арасында кәсіптік бағдар беру мақсатымен ағымдағы жылдың шілде айында «Жас геолог» қоры Министрліктің қолдауымен Жас геологтардың IV қазақстандық ашық олимпиадасын өткізді. Сонымен қатар, біздің командаларымыз тамыз айында Жапонияда өткен Жер туралы ғылымдар жөніндегі халықаралық олимпиадаға қатысты. Оған әлемнің 33 елінен 1000-нан астам жас геолог қатысып, Қазақстанның жас геологтары жүлделі орындарға ие болды.
Кәсіби кадрларды дайындау мақсатында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, сондай-ақ Өндірістік геологиялық барлау кәсіпорындар қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық жөнінде үш жақты меморандум жасалды.
Геология саласын одан әрі дамытудың басым бағыттары жөнінде айтылды. Олардың бірі болып терең горизонттарда барлау жұмыстарының ерте кезеңдерін жүргізу, жер қойнауын зерттеудің басым бағыттарын әзірлеу үшін озық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ әлемнің Ұлттық геологиялық орталықтары үлгісімен салалық инфрақұрылым құру табылады. Бұл геология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға жаңа серпін беріп, тиімді технологиялар саласындағы трансфертке жағдай тудыруға себепші болмақ. Сонымен қатар, минералдық-шикізат қоры бойынша жобаларды ғылыми-әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеуді қамтамасыз ететін болады.
"Сайгез-ақпарат"