28.12.2016 в 14:07

Инвестициялар және даму жөніндегі қоғамдық кеңес жұмысын қорытындылады

«Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы аясында ҚР Үкіметінің 2015 жылғы қаулысына сәйкес ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар және даму жөніндегі қоғамдық кеңесі құрылды. Қоғамдық кеңестің құрамына үкіметтік емес ұйымдар мен бизнестің 15 өкілі кірді.

Е.О. Әбдірахманов, Т.Е. Шеңгелбаев және К.Е. Алмағамбетовтың төрағалық етуімен Қоғамдық кеңестің индустриялық-инновациялық даму, геология және жер қойнауын пайдалану, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі комиссиялары құрылды.

Қоғамдық кеңестің мүшелері ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы қызметінің қорытындысы мен есебін тыңдап, 2016 жылға арналған міндеттерін мақұлдады, сондай-ақ Министрдің халық алдындағы есептік кездесуіне белсенді қатысты.

Қоғамдық кеңес 2016 жылға арналған жоспарын бекітіп, бір жылдың ішінде 11 отырыс өткізіп, ең маңызды дүниелерге атсалысты. Мәселен, Министрліктің 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспары және 2016-2018 жылдарға арналған Бюджеттік бағдарламалары, ҚР 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары, ҚР индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының  жобалары қабылдауға ұсынылды. Сондай-ақ, Министрліктің 2017-2019 жылдарға арналған бюджеттік өтінімі, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы, Министрліктің 2015 жылғы және 2016 жылғы 9 ай бойынша бюджеттік қаражатты игеруі және Министрліктің 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспарының орындалу барысы туралы есептері мақұлданды.

Қоғамдық кеңестің мүшелері азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеуге және талқылауға белсене араласты. Жыл соңындағы қорытындыға сәйкес Қоғамдық кеңестің қарауына жоғарыда аталған мәселелерге сәйкес 319 НҚА жобалары келіп түскен.

Қоғамдық кеңес 2017 жылы Жер және жер қойнауын пайдалану кодексі жобасының қоғамдық тыңдауын өткізуді жоспарлап отыр.

Қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне азаматтардың құқығы, еркіндігі мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді Қоғамдық кеңестің қарастыруы бойынша әдістемелік ұсынымдарға ұсыныстар жолданды, Қоғамдық кеңестердің отырыстары мен тындауларын өткізу үшін Қоғамдық кеңес мүшелерінің іс-сапар шығындарын қаржыландыру қажеттілігі анықталды.

Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес мүшелері қоғамдық кеңестің қызметін жетілдіру бойынша семинарлар мен конференцияларға белсенді қатысты. Мәселен, Индустриялық-инновациялық даму жөніндегі комиссиясының төрағасы Е.О. Әбдірахманов «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған қоғамдық кеңестің қызметін жетілдіру бойынша семинарына қатысты. Сондай-ақ, қазан айында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған, ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының, халықаралық сарапшылардың қатысуымен республикалық және облыстық деңгейдегі қоғамдық кеңестердің төрағалары үшін Астана қаласында өткен «Қоғамдық кеңестер: қызмет тәжірибесі мен іс-қимыл тетіктері» атты республикалық семинары өтті. Семинарға қатысушылар басқа қоғамдық кеңестердің қызметімен, депутаттардың, сарапшылардың пікірлерімен танысып, қоғамдық кеңестердің қызметін бұдан әрі жетілдіру бойынша өз көзқарастарын білдірді.

Анықтама үшін:

Қоғамдық кеңестің құрамына үкіметтік емес ұйымдардың және бизнестің  15 өкілі, оның ішінде «Теңіз көлігі кәсіпкерлері қауымдастығының», «Қазақстан бұзбай бақылау және техникалық диагностика қауымдастығы» ЗТБ, «Қазақстан Республикасының өндірістік геологиялық ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ, «Қазақстандық IT-компанияларының қауымдастығының», «Қазақстан туризм индустриясының ұлттық одағының», «Қазақстан Республикасының энергетикалық тиімділік және ресурсты үнемдеу  қоғамдық палатасы» ЗТБ, «KAZLOGISTICS» Қазақстанның  көлікшілер одағы» ЗТБ, «Қазжолжоба ЖИҚ» ЗТБ басшылары, «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасының кеңесшісі және «Республикалық кен өндіру және тау кен-металлургия қауымдастығының» атқарушы директорының бірінші орынбасары кірді.