10.01.2017 в 13:36

Әлеуметтік желіні қолданушы адам қандай пікірі үшін жауапқа тартылуы мүмкін?

man sitting at the table with laptop

Әлеуметтік желідегі жазғандарыңызға бола жауапқа тартылмау үшін не істеу керек? Ол үшін төменде көрсетілген негіздерге сүйеніп, барынша сақ болу қажет.

Не болды?

Ақтөбеде әлеуметтік желілерде жұртты жиһадқа шақырған жазбаларды таратқаны үшін ер адам сотталып жатыр. Тергеу ол адам Стас Задорнов деген жалған атпен тіркеліп, жұбайының ВКонтакте желісіндегі парақшасында экстремистік аудиожазбалар жариялағанын анықтады. Сотталушының айтуынша, өзге қолданушылардың аудиожазбаларын (жүзге тарта) ол іздеу жүйесі арқылы тауып алып, "жеке қолдану үшін" сақтап қойған. "Бұл заңға қайшы екенін білмедім, қорқып, парақшамды ашқаннан кейін екі ай өткен соң өшіріп тастадым", - деді сотта ер адам.

Осыған ұқсас жағдай Ақтөбеде тағы болған. 19 жастағы студент терроризмді насихаттағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол да әлеуметтік желідегі парақшасына діни әндерді жариялаған. Прокурорлар ол зорлық-зомбылықты насихаттайтын аудиожазбаларды қасақана ортаға салды және қарулы жиһад жасамақ болды деп есептепті.

"Мен ешкімге ештеңе берген жоқпын және таратқан жоқпын. Мен ештеңеге үндеу тастамадым, осылай болатынын білмедім, байқамадым. Анамнан, ағамнан, бәрінен кешірім сұраймын", - деді студент соттағы соңғы сөзінде.

Алайда, заңды білмеуіңіз сізді жауапкершіліктен босатпайды дегенді прокурорлар көп айтады. Сондықтан, "Открытая Азия онлайн" Қазнет қолданушыларының құқықтық сауатын арттырып, әлеуметтік желідегі қандай жарияланымдар үшін түрмеге түсіп қалуға болатынын түсіндіреді.

Қолданушы қандай пікірі үшін жауапқа тартылуы мүмкін?

Қандай да бір сипаттағы пікірлер жазуға тыйым салатын белгілі бір заң немесе заң бабы Қазақстанда жоқ. Алайда, азаматтардың виртуал өмірдегі әрекеттері реал өмірдегі заңдар мен нормалар тұрғысынан реттеледі.

Заңгерлердің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінде қарастырылған қылмыстардың көбі Интернет арқылы да жасалады. Мысалы, бала асырап алу құпиясын ашу - бала асыранды екенін оның өзіне ғана айтып қоймай, Facebook желісі арқылы жария етуге де болады. Жас балаларды азғыру да қандай да бір мессенджерлер арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Әйтсе де, жазбалар мен пікірлерде көбінесе жала жабу, адамның ар-намысына тию, жалған ақпарат тарату, алауыздық тудыру және терроризмді насихаттау кездеседі.

Жала жабу деген не?

ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бабына сәйкес, жала жабу дегеніміз:

"…басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату".

Демек, әлеуметтік желіде бір адамды ұры деп жазса, ал ол адам ұры болмаса, ол үшін жазған адам мынадай жауапкершілік арқалауы мүмкін:

" 1.  ...бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұласқан, сол сияқты ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер – үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.".

Қорлау дегеніміз не?

ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабына сәйкес, қорлау дегеніміз:

"…басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту".

Жазасы:

"1. ...бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.

2. Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.".

Қазақстанда әлеуметтік желідегі жала жабу мен қорлау үшін жазаға тартылу қаншалықты ықтимал?

Заңгерлердің айтуынша, бұрында ол баптар "танымал" болатын, ал сот практикасының адамға бет бұруымен (сот практикасының ғана, заңнаманың өзі бұл тұрғыдан еш өзгерген жоқ) ҚР азаматтарын бұл баптар бойынша ақтап алу жиілеп кетті, ал айыптаушы үкім шығарылуы сиреді.

Интернеттегі қандай әрекеттер үшін жауапқа тарту жиі кездеседі?

Бүгінде Қазақстанда бұл жағынан көбінесе жалған ақпарат таратқаны, алауыздық (кез келген) тудырғаны және терроризмді насихаттағаны үшін жауапқа тарту көп кездеседі.

Әлеуметтік желілердегі осы топтарға жатқызуға болатын жазбалар мен пікірлерге жіті назар аудару республикадағы соңғы жылда болған қайғылы оқиғадан кейін және терроризмге қарсы күрес күшейтілгеннен кейін басталды.

Көрінеу жалған ақпарат тарату деген не?

Қарапайым тілмен айтқанда - өсек, қауесет.

ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабында былай делінген:

"1. Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату – бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Мынадай:

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;

2) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;

3) бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіруге немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер – жеті мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген:

1) қылмыстық топ жасаған;

2) төтенше жағдай кезінде немесе ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында не жария іс-шаралар өткізу кезінде жасалған іс-әрекеттер – бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады".

Бұл бап әлдекімдерге қатысты қолданылды ма?

Қазір елде бұл бап көп қолданылады. Адвокаттардың айтуынша, оған тап болу қиын емес, өйткені, оны түрліше құбылтуға, сол себептен кез келген өтірік әңгіме үшін адамды жазалай салуға болады.

Көктемде Қызылорданың бір тұрғыны Facebook желісінде көрші пәтерлер тоналып жатыр деп жазды. Полииция сол мезетте тексеру жүргізіп, қолданушы ол ақпаратты көршісінен естіп жариялағанын және дәлелдейтін ешбір фактісі жоқ екенін анықтады. Оның әрекетінде көрінеулік бар-жоғы және ол дәлелденген-дәлелденбегені туралы құқық қорғау органдары ешқандай мәлімдеме жасамады, алайда келіншекке  63 630 теңге айыппұл салынды.

Ал шілдеде, Алматыда Руслан Күлекбаевтың ылаңынан кейін, сол оқиға туралы жалған ақпарат таратқаны үшін бірнеше адам тұтқындалды. Олардың біреуі - Жезқазған тұрғыны. Тергеу нұсқасы бойынша, ол әйел тұрғын үйлердің бірінің жанында мұздай қаруланған террористер тұтқындалды деген ақпаратты WhatsApp желісі арқылы таратқан.

Оған дейін полиция екі адам өзінің Instagram желісіндегі аккаунтында Алматыдағы теракт жөнінде жалған ақпарат жариялағанын анықтады. Кейіннен Алматы қалалық ІІБ жариялаған тергеу видеосында 21 жастағы студент қыз жалған ақпарат таратқанын мойындап, өкінгені жазылған.

"Тағы бір пікір қалдырған - 1993 жылы туған А. есімді азамат коммуникациялық желілер ресурстарын пайдалана отырып, қаланың төменгі бөлігінде адамдарға оқ атып жүрген қарулы 100 адам туралы жалған ақпарат таратқан. Екеуі же ұсталып, ҚР ҚК 274-бабының 2-тармағында қарастырылған қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында түсінік беріп жатыр. Қолданыстағы процессуалдық процедураға сәйкес, жақын арада күдіктілерге қатысты шектеу шарасы таңдалады", - деген болатын сол кезде Алматы ІІБ ресми өкілі, полиция майоры Салтанат Әзірбек.

Алауыздықты қоздыру деген не?

ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабына сәйкес:

"1. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау, егер бұл іс-әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса, -екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған немесе бiрнеше рет жасалған немесе күш қолданумен не оны қолдану қатерін төндірумен ұласқан, сол сияқты адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып не қоғамдық бiрлестiк лидері жасаған, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражат пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған не ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер – белгiлi лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, он екі жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады."

Қазақстанда ол үшін жауапқа тартылғандар бар ма?

Ең атышулы іс - Татьяна Шевцова-Валованың ісі болды.

Алматы қаласының Алатау аудандық соты оны ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны үшін айыпты деп тауып, 3 жыл сынақ мерзімімен 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды.

Бұл Қазақстандағы әлеуметтік желідегі жазба негізінде қозғалған алғашқы іс болатын. ҚР 11 азаматы Шевцова-Валова сепаратизмді үндейді деп көрсетілген арызбен полицияға жүгінген.

Оның жазбаларының ішінде қазақстандықтардың жанына тиіп кеткені екеуі еді. Біреуінде ол ҚР азаматтарын "чурки" деп атады, ал екіншісінде: "Қазақстанда тіл жөнінде немесе жергілікті ұлттарыңды ұлықтау үшін әлдене жасайтын болсаңдар, Қырымға туған күн сендердің де басыңа келеді - Қазақстанның солтүстік бөлігі, тіпті басқалары да РФ қарамағына өтіп кетеді. Және, сендер әр бұрышта шырылдап жүргендеріңдей аннексия жолымен емес, Қырымдағы сияқты референдум арқылы, яғни, РФ құрамына өз еркімен қосылу жолымен кетеді" деген.

Шевцова-Валова өзі айыбын мойындамады, үкіммен келіспеді. Өз айтуынша, оған қарсы іс қолдан жасалған: әлдекімдер аккаунтын бұзып, шын жазбаларынан арандатушы сөздер құрастырған.

Жұртты терроризмге шақырудың жазасы қандай?

Мұндай айып бойынша жүргізілген істер туралы бірінші карточкада айтылған. Енді тек Қазақстанда жұртты терроризмге шақырғандар қалай жазаланатынын айту керек. вы к терроризму в РК.

ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабында былай делінген:

"1. Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру, сол сияқты көрсетілген мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату – мүлкі тәркіленіп, бес жылдан тоғыз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып не қоғамдық бiрлестiк лидері жасаған не бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникациялар желілері пайдаланыла отырып жасалған не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражат пайдаланыла отырып жасалған дәл сол іс-әрекеттер –  мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады".

Заңға қайшы пікірлер үшін кім іс бастауы мүмкін?

Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, жала жабу және қорлау - жеке айыптау істері. Оларға прокурор қатыспайды. Жәбірленуші өзіне жала жапқан не өзін қорлаған адамның айыбын өзі дәлелдеуі керек. Яғни, полицияға шағым түсіретін немесе сотқа жүгінетін бастамашы болуы тиіс.

Ал көрінеу жалған ақпарат тарату, алауыздықты қоздыру және терроризмге шақыру туралы айтар болсақ, бұлар - бұқаралық айыптау баптары. Бұлар бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу бастауына болады - ол үшін әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді; не болиаса - мүдделі азаматтар қылмыс туралы мәлімдеуіне болады (мысалы, Татьяна Шевцова-Валованың ісінде процесті бастауға 11 адам бастамашы болды).

Заңға қайшы жазбалар мен пікірлер үшін жауапкершіліктен құтылып кетуге болады ма?

Бір жағынан, болады. Жазба өшірілсе және шағымданушылар табылмаса.

Екінші жағынан - жазба құқық қорғау органдарының назарына іліксе, оны өшіріп тастау жауапкершіліктен құтылуға көмектесе алмайды. Әрине, істі дәлелдеу қиындап кетуі ықтимал, алайда, әдетте тергеушілер скриншот жасайды. Оның үстіне, заңгерлердің айтуынша, мұндай істерде полиция тығырыққа тірелуі некен-саяқ - көбінесе азаматтар ондай жазбалардың не пікірлердің авторы өзі екенін мойындайды.

Алайда, іс шын мәнінде қолдан жасалған болса, яғни, аккаунт бұзылып, пікірлерді өзге адам жазған, ал скриншоттар қолдан жасалған болса - айыпталушы оның бәрін өзі дәлелдеуіне тура келеді.

Аңдамай сөйлеп, түрмеге түспеу үшін әлеуметтік желідегі тірлікті қалай қауіпсіз етуге болады?

Ең алдымен, Интернетте не жариялауға не болатынын, ал нені жариялауға болмайтынын зерттеп алыңыз. Тым болмаса, жоғарыдағы, әлеуметтік желі қолданушыларына көбінесе таңылатын баптар бойынша ақпаратты есте сақтаңыз.

Екіншіден, қолдан жасалған істің құрбаны болып кетпеу үшін аккаунтарыңыздың қауіпсіздігін қадағалаңыз (күрделі құпиясөз орнатыңыз, бөтен компьютерден желіге кірмеңіз).

Үшіншіден, әр сөзіңізге абай болған жөн: кімге не жазып отырғаныңызды, нені ортаға салып отырғаныңызды қадағалап, әр сілтемені бөліспес алдында тексеріп алыңыз. Контекстке де мән беру керек. Заңгерлердің айтуынша, реал өмірде танитын досыңыздың жазбасына барып балағат сөз айту бір бөлек, оған біреу қорланар қоймас. Ал - желіде френд саналғанымен, өмірде танымайтын адамның парақшасында аузыңызға келгенді жазу - бір бөлек.