"Тіпті, пәтер жалдаушыны уақытша тіркеуге қойса, ол меншік құқығына таласа алады деген үрей де бар. Бірақ біз ылғи айтамыз, уақытша тіркеу арқылы ондай әрекеттерді жасау мүмкін емес. Сосын ол жерде уақытша тіркеудің нақты мерзімі жазылады. Уақыт өткенде ол адамды автоматты түрде тіркеуден шығарып тастайды. Ал коммуналдық төлемдерге келер болсақ, уақытша тіркеудің оған еш қатысы жоқ. Біздің деректер базаларымыз екі бөлек және бір-бірімен байланыспаған. Мысалы, Қазақстан Республикасы азаматтарын құжаттандыру базасы бар. Тіркеуден кейін барлық деректер жеке тұлғалар мәліметтерінің мемлекеттік базасына түседі. Оған барлық мемлекеттік органдар кіре алады. Оны күнделікті жұмыс үшін пайдаланады. Басқа мақсаттар үшін пайдалануға рұқсат жоқ. Коммуналдық қызметтермен айналысатын компаниялар оған кіре алмайды", - деді Дөненбаева "ҚазАқпарат" тілшісіне берген сұxбатында.
Айта кетейік, қаңтардың 7-сі күні күшіне енген заңнамаға сәйкес, уақытша тіркелмегені үшін әкімшілік жаза, яғни айыппұл салу шарасы енгізілген болатын. Бір айдың ішінде тек түсіндіру мен ескерту жұмыстары жүргізіледі. Ал ақпанның 7-сінен бастап тұрақты және уақытша тіркеуге тұрмаған азаматтарға айыппұл салынады. Үйдің құжаттары дайын болмаса, жұмыс орны, я болмаса туыстардың мекенжайы бойынша уақытша тіркеуге тұруға болады.