27.01.2017 в 12:11

Бас прокурор бірінші орынбасарына: Тау қопарып жүргендей кейіп танытуды қою керек

ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов бірінші орынбасарына прокуратура қызметкерлері таңнан түнге дейін еңбектеніп, мемлекеттік пайдалы іс атқарып жүргендей көрінуді қойсын деп өтініш білдірді.

Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель сөзін аяқтағаннан кейін ведомство басшысы оған өтінішін айтты.

"Сізге өтінішім бар. Осы кезге дейін қызметті үйлестірумен әр департамент өзінше айналысып келді. Сондықтан топтасайық. Қазір айтқаныңыздың бәрін іске асыру керек. Ал сіз уақыт жетпегендіктен барлығын айтып үлгермедіңіз. Егер қандай да бір жұмыс адамдарға, қоғамға, мемлекетке пайдалы болмаса, одан бас тарту керек. Сосын таңнан кешке дейін мемлекеттік маңызы бар пайдалы іспен шұғылданып жүргендей көрінудің қажеті жоқ", - деді Жақып Асанов Бас прокуратураның алқа отырысында.

"Егер сіз штатымызды белгілі бір деңгейде қысқартуды ұсынсаңыз, сізді марапаттау туралы өзім өтініш беремін", - деді Асанов орынбасарына. Оның айтуынша, прокуратура органдары заманауи менеджмент технологиясын енгізеді. 

ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық процесті жылдамдатуды ұсынды.

«Жылдамдатылған процеске тоқталатын болсақ, мәселен, қылмыскер ұсталып, кінәсін мойындады. Осы ретте куәгерлер де бар делік. Дегенмен де, қылмыстық іс 15 күн бойы тергеледі, оған тағы қосымша 3 күн прокурор істі зерттеуге алады. Сот - 20 тәулікке дейін. Нәтижесінде, бір іске 40 күн уақыт кетеді. Осы мерзім аралығында жәбірленушілер, куәгерлер, күдіктілер әрбір есікті аралап жүреді. Бұндай істер ондаған мың болып есептеледі. Сансыз тергеулер орын алады, дәлізде босқа күтумен өтетін уақыттар байқалады. Осының барлығы адамдардың наразылығын тудыратыны анық»,-деді ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов ведомствоның алқа мәжілісінде.

Осы орайда ол дамыған елдердің тәжірибесіне тоқталды. Егер де барлығы анық болса, онда тұтқындалған адамды бірден сотқа алып барады.

«Сот тәулік бойы жұмыс істейді. Сол жерде прокурор да, қорғаушы да бар. Cот үкімі 3 тәуліктің үшінде жария болады. Осылайша, қылмыстық істердің 70 пайызға дейінгісі шешіледі. Барлық шаралар жылдам атқарылып, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл болады»,-деді Бас прокурор.

(Түпнұсқадағы тақырып "Мемлекеттік пайдалы іспен айналысып жүргендей көрінуді доғару керек - Бас прокурор")