Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар вдомства басшысын сынға алды.
«Әрбір басшы жауапкершілікті сырғытпай өз мойнына алуы керек. Біз бұл туралы ана жылы Үкіметті қайта ұйымдастырғанда айтқанбыз. Вице-премьерлер, министрлер санын қысқартқанда айттық. Әр министр өзі бұйрық шығарады, өзі соны орындайды, өзі жауап береді. Бюджетке қазірден бастап кірісесіңдер, әр министрлікке, әр өңірге ақша бөлінеді. Соны аламыз деп тырмысып қаншама жұмыс істеп, дәлелдедіңдер, алдыңдар. Енді соның бәрін алып ұқсатыңдар, жеткізіңдер. Содан кейін жауап беріңдер. Мәселе сонда. Жауапкершілік сондай. Бірақ, қарап отырсаң, Абай айтқандай «Баяғы жартас, бір жартас». Бәрібір министрлер келеді де Премьер-Министрге хат жазады, маған жазады. Вице-премьерлер бар, оларға хат жазады. Өзіне жауапкершілік алмайды. Ондай қорқақ болсаңдар мұндай жұмысқа неге келесіңдер? Басқа жерге барыңдар. Қағазға қол қоймайтын жұмыстар бар, орынбасарлар бар. Бизнеске барыңдар», - деді Елбасы Үкімет мүшелеріне қарата.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті министрлер дербес шешім қабылдаудан жасқанбауы, жауапкершілікті мойындарына алуы қажеттігін баса айтты. «Ең бірінші мақсат мемлекет мақсат-мүддесін басшылыққа алып, соны орындау. Бұл жөнінде, үшінші жаңғыру жөніндегі Жолдауда аталған мақсаттарға қалай қол жеткізу керектігін айтып бердім», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.