03.02.2017 в 18:40

Жер қойнауын пайдалану туралы жаңа Кодекс халықаралық стандартқа көшуді жоспарлап отыр

Қоғамдық маңызы бар мәселеге қатысты азаматтық қоғамның пікірін білу мақсатында Астанада алғаш рет «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодекс жобасын талқылау жөніндегі қоғамдық тыңдау өтті. Бұл туралы ҚР ИДМ баспасөз қызметі хабарлайды. 

Аталмыш шараға ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов, ҚР ИДМ Қоғамдық Кеңесінің төрағасы Александр Андрющенко, сонымен қатар, қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік салалардың, бизнес және жер қойнауын пайдаланушылардың өкілдері қатысты.

Қоғамдық тыңдау барысында ҚР ИДМ Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Руслан Баймишев «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс жобасының қатты пайдалы қазбалар бөліміне қатысты негізгі ережелерін түсіндірді. ҚР ИДМ Жер қойнауын пайдалану департаменті директорының орынбасары Сәкен Шәкіров «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс жобасының көмірсутекті шикізат бөліміне қатысты негізгі ережелер туралы айтып берді.

Сонымен қатар, ҚР ИДМ Қоғамдық кеңесінің геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі комиссия төрағасы Төлеу Шеңгелбаев пен «OlympexAdvisers» ЖШС-нің басқарушы серіктесі, Кодекс жобасын әзірлеуге қатысушы Дияр Ергешев баяндама жасады.

Қоғамдық тыңдаудың қорытындысы бойынша, Қоғамдық кеңес комиссиясының хатшысы екі күннің ішінде баяндамалардың мазмұнына сәйкес Хаттама әзірлейтін болады. Онда Кодекс жобасы бойынша айтылған пікірлер мен ұсынымдар хатталады және ол Хаттама ҚР ИДМ-нің ресми сайты мен БАҚ-та жарияланатын болады.

Кодекс жобасы бойынша қабылданған ұсынымдарды мемлекеттік органдар, ұйымдар, ҮЕҰ және тағы басқалар қарайтын болады.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың 31 қаңтары күнгі «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа Кодекстің қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Жаңа Кодекс жобасы келесідей тұжырымдамалық өзгерістерді көздейді:

– «Бірінші келдің – бірінші алдың» қағидаты бойынша лицензиялық тәртіп енгізу жолымен Австриялық моделге ұқсас жер қойнауын пайдалану құқығын жеңілдету;

– Қорды бағалаудың халықаралық тәртібіне көшу;

–  геологиялық ақпаратқа ашық қолжетімділік жасау мен оны сандық форматқа ауыстыру;

– кең таралған пайдалы қазбалардың тізімін қайта қарау;

– елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кеніштерді жабу кезінде  кен орындарын жою жөніндегі ережені күшейту;

–  Жер қойнауын пайдалану мен басқа да күшіндегі келісім-шарттар үшін тұрақтылық кепілдіктері қарастырылған.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодекс жобасының толық мәтіні ҚР ИДМ-нің www.mid.gov.kz. ресми интернет-ресурсында жарияланған.