Есепті жиында әкім баспанамен қамтамасыз ету бойынша қажеттіліктерді кезең-кезеңімен шешу үшін 2016 жылы 530 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылғанын айтса, осы жылы жалпы 700 мың шаршы метр болатын тұрғын үйді тапсыру жоспарда тұрғанын айтты.
Бүгінде 2017 жылы салынатын 98 көп қабатты және 4 018 жеке тұрғын үйлерге қажетті инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 11 млрд. 732 млн.теңге бөлінеді.
«Алдағы 15 жылда еліміздің тұрғындарын толығымен баспанамен қамту мақсатында елімізде жаңадан «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынды. Осы бағдарлама шеңберінде жеке тұрғын үй құрылысы бойынша Шымкент қаласында пилоттық жоба ретінде екі коттеджді қалашықтар салынатын болады. Оның бірі 76 гектар алқапта 293 үй орналасатын «Бозарық» кешені мен 180 гектар алқапта 1 050 үймен «Таскен» тұрғын үй кешені бой көтереді.
Жалпы 5 жылда 529 көпқабатты және 25 736 жеке тұрғын үйге инженерлік инфрақұрылым жүргізіледі.
Сонымен қатар
Облыста жалпы 3 152 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 1 581 күрделі жөндеуді қажет етсе, 183-інде қайта жаңғырту құрылыс жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде жөндеуді қажет ететін үйлердің үлесі 50,1%-дан 44,4%-ға дейін төмендетілді.
Алдағы 4 жылда жалпы 488 көп қабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, жөндеуді қажет ететін үйлер үлесін 28,8 пайызға дейін төмендету көзделуде.