28.02.2017 в 10:47

Сәпиев Мәжіліс депутаты

Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, ОСК бүгін «Нұр Отан» партиясының мүшесі Серік Сәпиевті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты етіп тіркеді.

«Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 46-, 97-1 және 98-баптарына сәйкес «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесі бюросының қаулысы негізінде Серік Жұманғалиұлы Сәпиевті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты етіп тіркеу туралы шешім қабылданды», - деп хабарланған сайлау комиссия таратқан ақпаратта.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Серік Сәпиевке ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының куәлігі мен омырауға тағатын белгісін тапсырғаны да хабарланып отыр.

Серік Жұманғалиұлы Сәпиев 1983 жылы Қарағанды облысы Абай қаласында туған. 11 жасынан бастап боксқа бейімделген Олимпиада чемпионының қазір халықаралық спорт шебері, Қазақстанның бокс бойынша еңбек сіңірген спорт шебері деген атақтары бар.

Серік Сәпиев сондай-ақ «Парасат» орденінің иегері (2008 жыл), «Отан» орденінің иегері (2012), спорт бойынша ЮНЕСКО чемпионы атанған әлемдегі 13-ші спортшы[, қазақстандық ең танымал боксшылардың бірі, 2014 жылдың қарашасынан бастап «Astana Arlans» командасының бас директоры. Серік Сәпиев Қазақстанға 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында алтын жүлде алып берген спортшылардың бірі. Ол Бейжің және Лондон Олимпиадасында бокстан құрама команданың капитаны болған.

Сәпиевтің айтуынша, бұл шешім туралы ол ұзақ ойланған, ал бір тоқтамға келгеннен кейін "Нұр Отан" партиясына хат жазған.

"Менің кандидатурамды қолдаған үшін партияға алғысымды білдіремін. Орталық сайлау комиссиясының мүшелері де қолдап дауыс берді. Оларға да алғысымды айтқым келеді. Бір әрдайым елге қызмет еттік. Спортшы болған кезде де, депутат болып та қызмет етеміз. Халық үшін, еліміздің дамуына үлес қосу үшін еңбек етеміз. Біршама жоспарларым да бар. Бірақ олар жұмыс барысына байланысты болады", - деп ойын айтты спортшы.

Атақты боксшы алдымен жұмыс ретіне үйреніп алу керектігін айтады.

Осыдан кейін ойдағы жоспарларын іске асырмақ. Алдымен жұмыс ретіне үйренісіп алайын, сосын мәселелерге көшемін. Негізінен бәрі түсінікті, бәрі анық - халыққа қызмет ету, тоқсан сайынғы сапарлар. Бәрі былай түсінікті. Біз спортшылар әрдайым тәртіп пен еңбекке үйренгенбіз, бұл қасиеттер жаңа жұмыс орнында маған қажет болады деп ойлаймын", - дейді Сәпиев.

"Сайгез-ақпарат"