Назарбаев конституциялық реформада Қазақстанның негізгі саяси моделі сақталатынын және Қазақстанның президент басқаратын мемлекет болып қала беретінін айтты. Мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай икемді болуы керек деген Назарбаев өкілетті биліктің үкімет пен атқарушы органдарға бақылауы күшейетінін жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттікті басқа тармақтарға беруге қатысты конституцияның 23 бабы өзгертіліп, заңдарға 35 өзгерістер мен түзетулер енгізілетінін айтты.
Жиында президент әкімшілігінің басшысы, конституциялық реформа бойынша жұмысшы тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбековтің айтуынша, конституциялық реформа бойынша президент әкімшілігіне бір айда алты мыңнан астам ұсыныс түскен. Оның сөзінше, ұсыныстар конституцияның барлық баптарын қамтиды.
"Ұсыныстар әртүрлі және ол жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жобамен ғана шектеліп қалмайды. Реформа мақсаты президент билігін қайта бөлу болғанымен азаматтар көбіне президент өкілеттігін күшейтуді ұсынды, президент билігі әлсіреп бара жатыр деп қарсылық білдіргендер де болды" деді Жақсыбеков. Ұсыныстар арасында парламент депутаттарын бір мандатты округ бойынша сайлау өткізу, қос палаталы парламентті бір палаталы парламентке айналдыру, депутаттық корпус пен судьяларға қойылатын талаптарды күшейту, мемлекеттік тілдің рөлін күшейтіп, ағылшын тіліне мемлекеттік мәртебе беру ұсынысы бар.
Жақсыбеков сонымен қатар конституциядағы меншік құқығын рететйтін 26-бапқа қатысты ұсыныстар көп түскенін айтты. "Көпшілігі 26-бапты өзгертпеуді сұрайды" деді Жақсыбеков.
Назарбаев қаңтардың 25-і күні жасаған үндеуінде билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу үшін конституцияға өзгерістер енгізу қажетін мәлімдеп, заң жобасын халықтың талқылауына бір ай мерзім берген. Ұсыныстар жобасында үкімет пен парламентке 40-қа жуық өкілеттілік беру қарастырылған.
Дереккөз: Азаттық