03.03.2017 в 14:12

Сағадиев тестілеудегі Баян Есентаева мен Нұртас Адамбай туралы мәселеге жауап берді

"Мен бұл сұрақты өзім көрмедім. Мүмкін көру керек шығар. Ал жалпы сұрақтар Қазақстанның Олимпиада чемпиондары жайлы, танымал жазушылар мен суретшілер, әншілер жайлы болады. Нағыз тестілеу кезінде қандай сұрақтар болатынын әлі талқылаймыз", - деді министр.

Осыдан кейін министрге журналистер Ермек Тұрсыновтың осы сұраққа қатысты пікір білдіргенін хабарлады. Олардың айтуынша, Ермек Тұрсынов мұны сандырақ деп атаған. Ол өзі туралы сұрақтың ҰБТ-да кездесетіндей Қазақстанның өнер саласында айтарлықтай тұлға емес екенін айтқан.

Ал өз кезегінде министр мұның сынақ түрінде жүргізілген тест екенін айтты. "Балалар осы сұрақтармен жаттығады. Бұл сұрақтар газеттерден, журналдардан, теледидарлардан алынып жатыр. Сіздер Баян Есентаева жайлы жазасыздар ғой? Не үшін жазасыздар? Мәтіндер сайттардан және газеттерден алынып, студенттерге берілді. Міне, мәтінді оқып, сұрақтарға жауап беріңіз. Сіз жазсаңыз, оны біз неге алмаймыз? ", - деді министр.

Сонымен қатар, министр сайттағы материалдардың 20 пайызының Баян Есентаева жайлы екенін айтты. "Студент осылайша сұрақтарға дайындалады. Талапкер ҰБТ-ға келгенде оған қандай сұрақтың келетінін білмейді. Мысалы, сұрақтар Винокуров туралы, мәдениет туралы болуы мүмкін", - деп түсіндірді Сағадиев.

Еске сала кетейік, осыған дейін Ұлттық орталық Баян Есентаева жайлы сұрақтың неліктен тестілеуге енгізілгенін түсіндірген болатын. Айта кетейік, 1 қаңтардан бастап жаңа форматқа өзгертілген сұрақ-жауапта Баян Есентаевамен қатар, талай әртіс-шоумендердің аты аталған екен. Ал қазақ тілі мен әдебиетінің орнын басқан "Оқу сауатылығы" пәнін осындай сұрақтармен толтырған Ұлттық тестілеу орталығындағылар болса жастарды шоуға тарттық деп отыр.

Tengrinews.kz