03.03.2017 в 14:18

26-бапты өзгерту кейінге шегерілді

Жер туралы заңдарға жеке меншік мәселесі бойынша өзгерістер кейінге шегеріледі деп мәлімдеді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада парламентте сөйлеген сөзінде. "Біз бұған бәрібір келеміз, тіпті жерге қатысты болса да" деді Назарбаев конституциның меншік құқығы туралы бабына өзгеріс енгізуге қатысты. Ол бұл бапты өзгерту "кейінге шегерілетінін" де айтты.

1 наурызда Астанада билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу туралы жұмысшы тобының отырысында Назарбаев конституцияның меншік құқығын реттейтін 26-бабын өзгеріссіз қалдыруды ұсынған. Биліктің конституцияға өзгеріс енгізу туралы ұсынған жобасында конституцияның 26-бабының бірінші тармағы "Әркім заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады " деп өзгерту ұсынылған. Қолданыстағы конституцияда бұл баптың аталған тармағында "Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады" деп көрсетілген. Үкіметтің бұл бапқа қатысты ұсынысы "жер мәселесіне" қатысты дауды қайта көтерді.

"Әркім" деген кезде онда (конституцияның 26-бабында - ред.) "азаматтары" деген сөз қалады, мұнымен барлық құқықтық қоғамдастық келісіп отыр. Бұл елімізге инвестицияның тұрақты келуін, инвесторларымыз бен қазақстандықтардың сенімін қамтамасыз етеді. Бірақ біздің асықпауымыз керек, біраз жұмыс істеу қажет, бұл мәселеде консенсус болуы тиіс, түсіндіру керек" деді Назарбаев.

Өткен жылы үкіметтің ауыл шаруашылығы жерлерін жекешелендіруге және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға мүмкіндік беретін реформасы халықтың жаппай наразылығын тудырған соң 2016 жылы мамырда президент Назарбаев жер кодексінің бұл мәселеге қатысты даулы баптарының күшіне енуіне жыл соңына дейін мораторий жариялаған. Кейін ол мораторий бес жылға ұзартылды.

https://www.youtube.com/watch?v=VjwNeFrXfVs