09.03.2017 в 09:48

Лондон brexit-ке қарамастан экономикада өсім болады деп болжайды

Ұлыбритания қаржы министрі Филипп Хэммонд Ұлыбритания Еуропа Одағы (ЕО) құрамынан шығуға дайындалып жатқанына қарамастан ел экономикасында өсім болады деген болжам барын мәлімдеді. 8 наурызда Хэммонд парламентке референдум өткеннен бергі елдің алғашқы бюджет жоспарын таныстырды.

Министрдің айтуына қарағанда, экономиканың өсімі Брюссельмен brexit келіссөзіне "тұрақты негіз" бола алады. Биыл Ұлыбритания жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) екі пайызға артады деп болжанып отыр, дегенмен жарты жыл бұрын сарапшылар өсім әлдеқайда баяу болады деп болжаған еді. Хэммонд Біріккен Корольдіктің экономикасы brexit-пен байланысты белгісіздік жағдайына дайын болуы үшін мемлекеттік займдарды қысқартудың маңызды екенін айтты.

2016 жылы маусымда өткен референдумда Ұлыбритания тұрғындары ЕО-дан шығуды қолдап дауыс берген. Референдум нәтижесі жарияланған соң brexit Ұлыбритания экономикасын ұзақ уақытқа әлсіретіп жібереді деген қауіптен фунт стерлингтің бағамы күрт төмендеген. Кейбір БАҚ британдық жетекші банктер Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы туралы келіссөзі кезінде елден кетеді деп те хабарлаған.

Азаттық