Бұл жанжалға өткен жылы қазанда президенттің құрбысы Чхве Сун Сильдің мемлекет басшысына ықпалы туралы баспасөзде жарияланған деректер түрткі болған еді. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде Чхве Сун Силь бірнеше жыл бойы мемлекеттік басқару ісіне араласып, саяси шешімдер қабылдауға ықпал еткен деген күдікке ілінген. Сонымен бірге, тергеу органдары президент құрбысына кейбір компанияларға қысым жасау арқылы өзінің бақылауындағы қорларға ондаған миллион доллар ақша аударуға мәжбүрлеген деген айып таққан. Оңтүстік Корея оппозициясы Пак Кын Хе құрбысы Чхве Сун Сильдің коррупциялық шырмауына ілінген немесе ең кемі ол жөнінде хабардар болған деп санайды.
2016 жылғы желтоқсанда Оңтүстік Корея парламенті коррупцияға батқан және билікті теріс пайдаланған деген айыпқа қалған президент Пак Кын Хеге импичмент жариялаған болатын.
Пак Кын Хеге импичмент жарияланған соң президент міндетін уақытша атқару премьер-министр Хван Ке-анға тапсырылған.
azattyq.org