"Бүгін ұжымға Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму Бірінші вице-министрі болып тағайындалған Алик Айдарбаевты таныстырдым.
Алик Айдарбаев мемлекеттің маңызды салаларында қызмет атқарып келе жатқан аса тәжірибелі тұлға. Елбасының сеніміне ие болған мықты ұйымдастырушы, іскер басшы ретінде өзін Маңғыстау облысының әкімі болып тұрғанда және оған дейінгі қызметтерінде жан-жақты көрсеткен еді. Ендігі ретте Алик Серікұлын тағы да үлкен жұмыстар, жаңа міндеттер күтіп тұр. Аса тәжірибелі маманның келуімен министрлік жұмысы одан әрі жанданып, Мемлекет басшысы мен Үкімет жүктеген міндеттерді ойдағыдай атқарамыз деген сенімдемін" дейді министр.
Өмірбаяны
Алик Серікұлы Айдарбаев 1963 жылы 19 мамырда Алматы облысында дүниеге келген. В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген. 1985 жылдан бері мұнайгаз саласында жұмыс істейді. Мұнайгаз өндірісінде кәсіби дамудың барлық сатыларынан өтті, аға геолог, кейіннен технолог, мұнай және газ өндіру шебері, «Маңғышлақмұнай» ӨБ, «Жетібаймұнай» МГӨБ мұнай және газ өндіру цехы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Әржылдары «Оңтүстікқазмұнайгаз» өндірістік бірлестігінде басшылық қызметтер атқарды. «Торғай Петролеум» және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры қызметтерін атқарды. 2011 жылдың сәуірінен бері - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ барлау және өндіру жөніндегі басқарушы директоры. 2011 жылдың мамырында Директорлар кеңесінің кезектен тыс отырысында Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. 2011 жылдың желтоқсанында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының бас директоры.. 2013 жылдан 2017 жылға дейін Маңғыстау облысының әкімі болды. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.