27.03.2017 в 09:13

Мәскеудегі наразылық шеруі

Мәскеуде бүгін мыңдаған адам шыққан жемқорлыққа қарсы шеруіне қатысушы 360-қа жуық адамды полиция күштеп көлікке салып алып кеткені туралы «ОВД Инфо» сайты хабарлады. Ұсталғандардың арасында британдық Guardian газеті тілшісі де бар. Полицияның мәліметінше, шеруге 8 мыңға жуық адам жиналған. Белсенділер қатысушылары саны 20 мың адам дейді.

Пушкин алаңын полиция қоршауға алған. Белсенділер полиция қызметкерлері демонстранттарды резеңке таяқпен ұрғанын айтады. «Медуза» сайтының ақпараты бойынша, басынан соққы алған ер адам есінен танып қалған, оны полиция көлігіне көтеріп алып кеткен. Ресейлік «Дождь» интернет-телеарнасының хабарлауынша, алаңда жиналғандарға газ шашқан. Полиция арнайы жасағының 200-ге жуық қызметкері жұртты алаңнан тықсырғанна кейін наразылар ығысқан Страстная мен Тверь бульвары, сондай-ақ Үлкен және Кіші Дмитровка көшелерінде қозғалыс ішінара тоқтаған.

Бұған дейін полиция Мәскеудің орталығында бүгінгі жемқорлыққа наразылық шеруін ұйымдастырушы әрі бүкіл Ресей аумағында осындай акциялар өткізуге шақырған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды ұстап әкеткен болатын. Оппозицинер жақтастарын наурыздың 26-сы күні Мәскеудің Тверь көшесіне жемқорлыққа наразылық білдіріп «қыдыруға» шығуға шақырған.

https://www.youtube.com/watch?v=T6GgPYbg9iY

Бүгін Ресейдің көптеген қалаларында жемқорлыққа қарсы шерулер өтіп жатыр. Наразылыққа бұған дейін Навальный жетекшілік ететін коррупцияға қарсы қор жүргізген «Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевке тиесілі» делінетін мүліктер жайлы зерттеу түрткі болған. Көптеген қалаларда жергілікті билік шеру өткізуге рұқсат етпеген.

Азаттық