29.03.2017 в 22:24

ОҚО-да «ЭКСПО - 2017» көрмесі аясында түрлі іс-шаралар өтуде

Оңтүстік Қазақстан облысында «ЭКСПО - 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі шеңберінде өткізілетін іс-шаралар жоспары бекітіліп, жыл басынан бері бірқатар іс-шаралар өткізілді.

Атап айтқанда, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен       2017 жылдың 22-26 ақпаны аралығында Түркістан қаласының Балуан Шолақ спорт кешенінде баскетболдан 2002 жылы туылған және одан кіші ұлдар мен қыздар арасында Оңтүстік Қазақстан облысының чемпионаты болып өтті. Бұл чемпионатта облысымыздан жалпы 24 команда, 228 спортшы қатысты, оның ішінде 11 қыздар және 13 ұлдар командасы.

Ордабасы ауданындағы  М.Исламқұлов атындағы жалпы орта мектебінің базасында аудандық мектеп оқушылары арасында баскетболдан және үстел теннисінен жарыс ұйымдастырылды.

Аудан жастары арасында наурыз айында «ЭКСПО - 2017»  қолөнершілер байқауы  өтті. Байқау аудандық білім, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері және «Нұр Отан» партиясының қатысыумен бірлесе ұйымдастырылды. Сайысқа 10 ауыл округінен  43 үміткер қатысты.

Сонымен қатар, наурыз айында 3 рет сенбілік өткізіліп, М-32 «Самара-Шымкент» тас жолының Амангелді ауылы бұрылысынан бастап, Арыс өзенінің көпіріне дейін 700 түп ағаш көшеті мен 800 түп сары өрік және 800 түп шие жеміс ағаштары отырғызылды.

Арыс қаласы бойынша ақпан айында Арыс қаласының жас өрендерінің қатысуымен «ЭКСПО-2017 жобасына қосыл» атты флешмоб өтті. Флешмоб мақсаты - жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру. Ал, №17 теміржол колледжінде жастар арасында «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған «Индустриялық-инновациялық даму тұрғысынан өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті» тақырыбында кездесу болып өтті.

 Дермене ауылдық округіне қарасты Ж.Ташенов жалпы орта мектебінің оқушылары арасында «ЭКСПО-еліміздің мақтанышы» атты КТК ойындары өткізілді.

Ақдала ауылдық округі С.Ерубаев жалпы орта мектебінде «ЭКСПО-2017» көрмесін насихаттау және қолдау көрсету мақсатында  «Болашақ энергиясы - жастар» тақырыбында спорттық іс-шара болды.

Сонымен қатар,  С.Ерубаев орта мектебінде кітапхана мен қолөнер, бейнелеу өнері үйірмелерінің қатысуымен көрме болды. Көрмеге «Жасыл экономика - болашақ экономикасы» тақырыбында өткелі отырған ЭКСПО көрмесі туралы кітаптар мен мерзімдік басылымдар, қолөнер бұйымдары қойылып, көрермендерге ұсынылды.

Отырар ауданында  ақпан және наурыз айларында   «Менің «ЭКСПО-2017» көрмесіне  қосар үлесім» атты сурет сайысы және «Туған елдей ел болмас, Туған жердей жер болмас» - деп, үйірмешілер арасында туған жерінің тарихын дəріптеу жəне туған ауылын таныту мақсатында  «Менің ауылым» атты фото-байқауы, жастар арасында «Қазақстанның  индустриялды-инновациялық дамуына  менің  қосқан  үлесім» тақырыбында пікір сайыс өтті.

Д.Құрманбек атындағы №20 кәсіптік колледжінде «30 дамыған ел жолындағы инновациялық Қазақстан» атты дөңгелек үстел өтті. Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Е.Оралбай, колледж директоры Талған Бейсен және жеке кәсіпкерлер мен аталған колледж студенттері сонымен қатар, Дөңгелек үстел қонақтары ретінде «ONTUSTIK» КҚКО ЖШС-нің Отырар аудандық филиалының директоры А.Төлімбетов пен «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Отырар аудандық филиалының менеджерінің қатысуымен жиын өткізілді.

Осы бағыттағы түрлі іс-шаралар өңірде жалғасын таппақ. Бұл  шаралардың негізгі мақсаты облыс тұрғындарын Астана қаласында биыл өткізілетін халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің мән-мағынасын кеңінен насихаттау болып табылады.