04.04.2017 в 12:41

Жақында Қазақстан мен Еуропа елдері арасында бірнеше әуе рейстері ашылады

Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ресми парақшасында хабарлады.

"Министрлік халықаралық бағыттардағы әуе тасымалын арттыру мақсатындағы жоспарлы жұмысын жалғастырады. Өткен жылы 7 халықаралық бағытта әуе рейстері ашылды. Олар – Астанадан Амстердамға, Алматыдан Сиань, Шарм-Эль-Шейх және Тегеран қалаларына, Ақтаудан Батуми және Сочи қалаларына, сондай-ақ, Шымкент-Ыстамбұл арасында ашылған әуе рейстері.

Халықаралық бағыттағы сұраныстар жыл сайын артып келеді. Мәселен, биыл Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуімізге байланысты, «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамытуға байланысты Қазақстан мен Еуропа елдері арасында шетелдік әуе компанияларымен бірлесіп жаңа бағыттар ашу жоспарланып отыр" дейді.

Министрдің айтуынша, 2017 жылдың 8 мамырында польшалық LOT Polish Airlines әуе компаниясы Астана-Варшава бағытында аптасына 4 рет қатынайтын жаңа әуе рейсін ашады. Сондай-ақ, Астана-Будапешт арасындағы алғашқы әуе қатынасы осы жылдың 1 маусымында ашылады.

19 маусымнан бастап FinnAir әуе компаниясы Астана-Хельсинки бағытында аптасына 2 рет қатынайтын жаңа бағытты іске қосады. Маусым айынан бастап Астана-Бейжің бағытында аптасына 3 рет Air China ұшақтары қатынайтын болады. Қазақстандық әуе компаниялар да халықаралық бағыттар бойынша өрісін кеңейтпек. 2017 жылдың маусым айынан бастап «Эйр Астана» Астана-Улан-Батор арасында, «SCAT» әуе компаниясы Астана-Ереван арасында жаңа әуе рейстерін ашады.

«Эйр Астана» әуе компаниясы халықаралық бағытта жаңа әуе рейстерін ашу үшін үлкен жұмыс атқарып жатыр. 2019 жылы Астанадан Сингапур мен Токиоға, 2020 жылы Шанхай мен Нью-Йорк бағытындағы жаңа рейстер ашу жоспарында бар.