10.09.2014 в 12:42

Көшпелілердің бүкіләлемдік ойындары басталды

Қырғызстанда Көшпенділердің бүкіләлемдік ойындары басталды Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында көшпенділердің бүкіләлемдік ойындары басталды. Салтанатты шараның ашылуына Қырғызстан Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен бірге Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Ресей елдерінен келген мәртебелі меймандар қатысты.

Алғаш рет өтіп отырған ауқымды шараға 20-ға жуық елден 400-ге тарта спортшы қатысып жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, түркі әлемінің ортақ құндылықтарын әлемге паш етуге арналған шараға қызығушылар өте көп болды. Сондықтан түркі әлемімен шектелмей, көшпенділер әлемі ойыны деп атауға тура келген. Спортшылар қазақ күресі, қырғыз күресі, көкпар, салбұрын, аламан бәйге, жорға жарыс, т.б ойын түрлерінен бақ сынайды. Бұл халықаралық шара туралы әлемнің ВВС, "Әл Жазира", ТРТ АВАЗ сияқты беделді ақпарат құралдары хабар таратады. Көшпенділердің бүкіләлемдік ойындары аясында Nomad folk атты фольклор фестивалі мен Ethno Fashion атты сән көрсетілімі де ұйымдастырылады.

Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі.