Облыс әкімі А. Баталов Алматы облысының жұртшылығы өңірдегі футбол мен қыздардың волейбол командасының жағдайына алаңдап, осы мәселе туралы жиі сұрайтынын айтты.
- Қаржыландыру жағынан бір тиын да кеміткен жоқпыз, қажетті қолдау шараларын барынша көрсетіп келеміз. Соған қарамастан жұмыстың нәтижесі жоқ. Осыған дейін 7 мәрте республика чемпионы болған, 8 мәрте Қазақстан Кубогын иеленген, әлемнің үздік командаларының алғашқы 20-лығына енген волейболдан «Жетісу» әйелдер командасы өткен жылы 2-орын, биыл 3-орынды місе тұтып келеді. Мұның себебін немен түсіндіресіңдер? – деп волейбол клубының басшылығына сұрақты төтесінен қойды.
Жалпы әйелдер кәсіби клубына биылғы жылы 300 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Дегенмен команда құрамынан шығып кеткен ойыншылардың орнына жаңа құрама жасақтаудағы кемшіліктер мен жаттығу процесінің әлсіздігі, клуб басшылығы тарапынан қатаң талаптың болмауы команда ойынының құлдырауына әкеп соққан.
Облыс әкімі Қазақстанның волейболдан әйелдер құрамасының негізгі базасын «Жетісу» командасынан жасақтау жоспарланып отырғанын, ол үшін аса талантты спортшы әрі Қазақстан құрамасының бас бапкері Вячеслав Шапран «Жетісу» клубының бас жаттықтырушылығын қатар атқарып, клубтың деңгейін көтеруге белсене кірісетінін жеткізді. Бұл бастама Волейбол федерациясының басшылығымен келісілгенін, ендігі жерде үздік өнер көрсетуге міндетті екендіктерін қадап айтты. Айта кетсек, құраманы В. Шапран басқарған шақта 2013-2015 жылдар аралығында волейболдан қыздар командасы Қазақстан Кубогы мен чемпионатында 1-орын, ал 2013 жылы Азия чемпионатында 2-орын иеленген болатын.
В. Шапран өз кезегінде бүгінгі күні команда құрамына жаңа ойыншылар алу процесі жүріп жатқанын, жаттығу кестесі әзірленгенін айтты.
Облыс әкімі А. Баталов жаңа басшы В. Шапранға «Жетісу» волейбол клубының жаттықтырушылар құрамын қайта електен өткізіп, алдағы жылы ел чемпионы болу туралы талабын жүктеді.
Сонымен қатар жиында «Жетісу» футбол клубының жұмысын жолға қою мәселесі де сөз болды. Жалпы биылғы жылы бұл клубқа облыс бюджетінен 1,6 млрд. теңге қарастырылған.
Клубта орын алған бейберекетсіздік туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев баяндады:
- Сіздің тапсырмаңызбен клубтың жұмысына жүргізілген тексеру барысында бірқатар заңсыздықтар анықталды. 2010 жылдан бері жымқырылған қаржы көлемі 1,2 млрд. теңгені құраған. Оған қоса тек қана айыппұл төлеу мен сот шығындарының өзіне 980 млн. теңге жұмсалды. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды. Облыс бюджетінен 2015-2016 жылдары бөлінген қаржы тек қана қордаланған қарыздарды төлеуге жұмсалды. Клубтың қатысуымен сот процестерінің үздіксіз жүруі ойынның сапасына өзінің кері әсерін тигізді. Ең бастысы қазір клубтың жұмысын тәртіпке келтірдік, жемқорлықты тоқтаттық, - деді С.Тұрдалиев.
Облыс әкімі А. Баталов «Жетісу» ФК-нің жаңа басшысы С.Мұқановқа клубта ең бастысы қаржылық тәртіп болуын, команда құрамын зерттеп, іске дендеп кірісуді тапсырды.
Облыстағы жалпы спорт саласының аяқалысы да сынға алында.
- Өңірдегі спорттан жаңа есімдер неге шықпайды? Футбол мен волейболдан бөлек қазақ күресінен, қысқы спорттан, ауыр атлетикадан, спорттың басқа да түрлерінен нәтижелі жұмысты көріп тұрған жоқпын. Осы сыннан қорытынды шығаратын бол, - деді А. Баталов облыстық спорт басқармасының басшысы Т. Шарапиевке.
«Біз спортқа балаларды жастайынын бейімдеп, тәрбиелеуіміз керек. Олардан мықты ойыншы шығару үшін кем дегенде он жыл кетеді. Бұл процесс бізде үздіксіз жүруі керек. Міне, сенің айналысуға тиіс жұмысыңның маңыздысы да осы болуға тиіс», - деді А. Баталов спорт басқармасының басшысына қаратып. Сонымен қатар волейбол мен футболдан күні ертең біздің негізгі құрамамызды қалыптастыратын балалар клубын дамытып, бүгінгі жеткен жетістіктерін еселеуді, ойнау машықтарын одан әрі жетілдіруді тапсырды.
Жиын соңында А. Баталов ең бастысы – қос клубта да қаржылық заңдылықтарды сақтау, ойыншыларды сапалы іріктеу және жаттығу процесін үздіксіз жүргізу өзінің нәтижесін беретінін атап айтты. «Жетісу» әйелдер волейбол клубына келесі жылы Қазақстанның чемпионы болуды, ал «Жетісу» футбол командасына биылғы жылы бірінші лигадан Премьер-лигаға көтеріліп, 2018 жылы Премьер-Лигада 3-5 орындардан көрінуді міндеттеді.
Атап өтсек, жалпы облыстағы спорт саласына 2017 жылы 6 млрд. теңге бөлінген.