05.04.2017 в 12:45

Оңтүстікте өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтуде

Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары жұмыс берушілерінің  бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтуде. Бүгінгі жұмыс орындары жәрмеңкесіне солтүстік өңірлердегі 636 жұмыс беруші оңтүстікқазақстандықтарға білім беру, денсаулық сақтау,  мемлекеттік басқару, ауылшаруашылық пен құрылыс салалары бойынша 1785 бос жұмыс орнын ұсынуда. Сонымен қатар,жәрмеңкеге жергілікті 248 жұмыс беруші, оның ішінде 30 ірі кәсіпорын 2500 бос жұмыс орындарын ұсынып отыр.

Шараға қатысқан ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев халыққа ұсынылып отырған жұмыс орындарымен танысты.

Халқы тығыз қоныстанған Оңтүстік өңірінде алғаш рет еліміздің 4 өңірі мен ОҚО-ның жұмыс берушілерінің бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің ұйымдастырылуы кездейсоқ еместігін айтқан министр Т.Дүйсенова бүгінгі шара халықтың жұмыспен қамтылуына септігін тигізетініне сенім білдірді.

«Мұнда еңбек күші айтарлықтай артық болса, солтүстік өңірлерде жұмыс қолының тапшылығы сезіледі. Сондықтан, аталған жәрмеңке, ОҚО тұрғындарына өз мамандығы бойынша жұмыс табуға көмектеседі деген үміт бар. Осы орайда, мемлекет, жол шығындары мен бір жыл бойы баспана жалдауға кететін шығынды өтеуге субсидия бөлетінін атап өткен жөн. Еңбек күші артық өңірлерден жұмыс қоры тапшы аймақтарға қоныс аудару жұмыскер мен жұмыс берушінің өзара қызығушылығы бойынша ерікті түрде жүзеге асатынын атап өткім келеді», - деді шараның ашылу барысында Тамара Дүйсенова.  

Осы сынды ұқсас жәрмеңкелер өңірдегі Мақтаарал және Сарыағаш аудандарында 3-4 сәуір күндері солтүстік өңірдегі жұмыс берушілердің қатысуымен өтіп, онда 200-ден астам тұрғын отбасымен Қостанай, Павлодар, СҚО және ШҚО-ға қоныс аударуға ниет білдірген.

Өз кезегінде сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев халықты біркелкі жайғастыру мақсатында еңбек күші мол аймақтан, еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру өте маңызды қадам екенін атап өтті.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында – еңбек нарығын жаңғыртуда басы артық жұмыс күші бар өңірлерден жеткіліксіз жерлерге қоныстандыруға қатысты жаңа міндеттеме қойды. Сонымен бірге ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керектігі жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгін Елбасы қойған міндеттерді бірлесіп жүзеге асыру мақсатында Өңіраралық бос жұмыс орындар жәрменкесі ұйымдастырылып отыр. Жалпы біздің облыста табиғи-климаттық және географиялық жағдайының қолайлығы адам индексінің дамуына оң әсерін тигізеді. Облыста халық саны соңғы он жылда жыл сайын 2 пайызға өсіп, бүгінде 3 миллионға жуықтады. Оның ішінде ауылды жердегі тұрғындар 1 млн 571 мың адамға жетіп, жалпы халықтың 54,9 пайызын құрап отыр»,-деді әкім.

Айта кетейік, 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облысынан 146 отбасы Солтүстік Қазақстан (125 отбасы), Қостанай (18 отбасы) және Шығыс Қазақстан (3 отбасы) облыстарына қоныс аударған болатын.