08.04.2017 в 12:54

Отырарда ЭКСПО–2017 көрмесi аясында «Жайдарман» сайысы өттi

Астана өаласында өтетін ЭКСПО–2017 көрмесi аясында Отырар ауданында «Жайдарман» сайысы өттi. Облыстың аудан, қалаларынан жиналған көңiлдi де тапқыр жастар Отырар ауданы әкiмiнiң кубогi үшiн сынға түстi.

Сайысқа келген қонақтарды күтiп алған Отырар ауданының әкiмi Ерлан Айтаханов барлық қатысушыларға сәттiлiк тiледi. Аудан басшылығы атынан «Жайдарманға» қатысушы топтарға белгiлi сатирик Көпен Әмiрбектiң жаңа кiтабы мен ЭКСПО–2017 көрмесiне арналған билеттер тарту етiлдi.

Облыстық және республикалық жарыстарда бақ сынап, тәжiрибе жинап үлгерген жайдарманшы жастар аудандық Мәдениет сарайын лық толтырған отырарлықтарға көтерiңкi көңiл-күй сыйлады. Танымал сатирик Көпен Әмiрбек, мемлекеттiк қызмет саласының ардагерi Мәрия Белгiбай, айтыскер ақын Дәурен Ақсақалов, «Жайдарман» клубы ОҚО филиалының директоры Айдар Ибраев, облыстық жастар саясаты мәселелерi жөнiндегi басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Майя Әлiбжанова жюри мүшелерi ретiнде өнерпаздардың бағасын бердi. Кештi белгiлi жайдарманшы Марат Достаев жүргiздi.

Қазылар алқасының шешiмiмен сайыстың «Үздiк ойыншысы» номинациясын отырарлық «Батыр қала» тобының мүшесi Шадияр Тiлеуберген жеңiп алды. Командалық жүлделi III орынға шымкенттiк «Миллион» командасы лайық деп танылды. Оларға арнайы дипломмен қоса 30 000 теңгелiк сертификат табыс етiлдi. Ал, II орынға тағы бiр шымкенттiк команда «Жаным, әшейiн» құрамасы лайық деп табылып, 50 000 теңгелiк сертификатқа ие болды. I орынға белгiленген 100 000 теңгелiк сыйлық Мақтааралдан келген «Сырдария» құрамасына бұйырды. Ал, сайыстың бас жүлдесiн Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институтының намысын қорғап келген «Шымкент жастар құрамасы» командасы жеңiп алды. Оларға кубокпен қоса 200 000 теңгелiк сертификат табыс етiлдi. Айта кету керек, облыстағы бiрнеше тәжiрибелi жайдарманшылардан құралған бұл топ республикалық «Жайдарман» жоғары лигасында облыс намысын қорғап жүр.