10.04.2017 в 19:58

Түлкібаста 3 рет егізді болған анаға «Алтын алқа» тапсырылды

Түлкібас ауданы, Тұрар Рысқұлов ауылында Ғалбият Ғалымның отбасында 8 ұл-қыз өсіп келеді. Оның 30 жастан асқан жас жұбайы – үш рет егіз перзентті дүниеге әкелген батыр ана. Жаста болса батыр ана атанған Ұлбосын Жасымбекованы Түлкібас ауданының әкімі Н.Тұрашбеков арнайы қабылдап, «Алтын алқа» тақты.

Жас отбасы 2012 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үймен қамтылған. Бүгінде егіздердің ата-анасы  аудандық емханада  дәрігер болып еңбек етеді.

«Алтын алқа» төс белгісін иемденген көпбабалы ананы аудан әкімі құттықтай отырып, ел демографиясының артуына сүбелі үлес қосқаны үшін алғысын айтты. Сонымен қатар, ол адамзат баласының барлығына да жарық дүние сыйлаған анаға құрмет көрсету-парыз екенін айтып,  бүгінде Мемлекетте ана мен балаға барынша жағдай жасап, жан-жақты қолдау көрсетуге ден қойғанын жеткізді.

Дәрігер жас отбасылардың тұңғыш қыздары Аружан 4-сыныпта оқыса, егіз қыздары Қымбат пен Сымбат 7 жасқа аяқ басты. Одан кейінгі егіздері - Ұлжан мен Ұлпан 5 жастан асты. Ал, Ақарыс атты ұлдары 3 жаста болса,  2015 жылы бұл батырдың ізінен егіз інілері Бекарыс пен Жанарыс есімді балақайлар дүниеге келген.