Облыс басшысы Амандық Баталов «Білім. Бизнес. Кəсіп» форумын өткізудің міндеттері туралы айта келе, шараға барлық мүдделі тараптардың қатысуы экономиканың түрлі секторлары үшін кадр даярлаудың өзекті мəселелерін талқылауға, сол сияқты мемлекеттің басым жобаларын, шағын жəне орта бизнесті кадрмен қамтамасыз етудегі əріптестіктің нақты механизмдерін айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мұнан кейін облыс əкімі кəсіби білім беруді дамытудың маңыздылығына тоқталып:
- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бəсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаңа кəсіпорындарға мамандар даярлау үшін кəсіби білім беру жүйесін дамытуға тың серпін беру қажеттігін атап өткен еді. Осы орайда «Тегін кəсіби техникалық білім баршаға» жобасын жүзеге асыру басталды. Бұл өз кезегінде жастарды жұмыспен, ал өндірісті білікті кадрлармен қамтуға мүмкіндік береді, - деді Амандық Баталов.
Форум қатысушылары тəжірибеде апробациядан өткен білім мен бизнестің тиімді əріптестігінің заманауи тəсілдері туралы баяндады. Германиялық əріптестер – техникалық серіктестік жөніндегі герман қоғамы өкілдігінің басшысы Райнер Гертц жəне Трир қаласының Ремеслолық палатасының үйлестірушісі Альберт Овер халықаралық тəжірибелерімен бөлісіп, Қазақстандағы дуальды оқыту тəсілдері туралы айтты.
Экономиканың түрлі салаларына дуальды оқыту жүйесін енгізу жəне осы істі ұйымдастыру мəселелеріне қатысты Орталық Азиялық университетінің үздіксіз білім беру мектебінің директоры Гүлнар Жунашалиева өз пікірін білдірді. Шонжы политехникалық колледжімен əріптестік байланыстағы «КазРосАгро» ЖШС директоры Амангелді Мүслім осы саладағы тəжірибесімен бөлісті.
Алматы облысында қарқынды дамып келе жатқан туризм саласы да назардан тыс қалған жоқ. Туризм индустриясына кадр даярлау жүйесін жетілдіру туралы Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова хабарлады.
Шараның модераторы болған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар форумды қорытындылады. Ж. Омар білім саласы мен бизнестің серіктестігі айқын екенін, бүгінгімен байланыс шектеліп қалмауы керектігін, облысты білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін өзара бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігін айтты.
- Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жұмысты бірнеше бағытта жүргізуіміз қажет. Атап айтқанда, дуальді оқытуды дамыту мен жастарды жұмысқа орналастыру ісін тиянақты атқаруға тиіспіз. Әсіресе, студенттердің кәсіпорындардан тәжірибеден өтіп, оқытушылардың кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтуіне ерекше назар аударылады, - деді Жақсылық Омар.
Форум соңында облыс әкімі Амандық Баталов 2017 жылда серіктестік байланыстардың көшбасшысы болған облыстағы бірқатар өнеркәсіп орындарын Құрмет грамотасымен марапаттады.
Жалпы, облыстық білім басқармасы Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп дуальді оқытуды енгізудің республикалық жол картасын әзірледі. Оған облыстың 37 мамандық бойынша кадр даярлайтын 24 колледжі енген. Өңірдегі 124 кәсіпорынмен келісімшарт жасалып, соның нәтижесінде дуальді оқытумен мыңнан астам студент қамтылған.