Жиында негізгі тақырып бойынша облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар баяндама жасады.
Облыс әкімінің орынбасары өз баяндамасында жергілікті атқарушы органның жұмысына қатысты Жолдауда атап көрсетілген тармақтардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, атқарылған іс пен алдағы жоспарлар туралы нақты мәліметтерді хабарлады. Олардың қатарында баяндамашы экспортқа бағытталған өнеркәсіпті дамыту, ауыл шаруашылығындағы міндеттер, «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы, жол және көлік қатынасын реттеу, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту, білім және денсаулық сақтау салаларындағы жаңа жүйені игеру сияқты міндеттердің атқарылу барысына кеңінен тоқталды.
Жиын барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сексембай Бекішов, облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының басшысы Маржан Мұрат Жолдаудағы өз салаларына қатысты бағыттардың аяқ алысы жайлы хабарлады.
Актив жиынын қортындылаған облыс әкімі А. Баталов:
- Шағын және орта бизнесті дамытумен және экспорттық әлеуеті зор трансұлттық компанияларды инвестор ретінде тартумен үздіксіз айналысуымыз керек. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізу, облысқа тән қант қызылшасын, жүгері дақылын, апорт алмасын өнімді өсіру, кооперативтер құру ісін жандандыру мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі біздің екпін түсіре шұғылданатын басым бағыттарымыз екенін ұмытпаңыздар! Мемлекет басшысының Жолдауы - біздің бағытымызды айқындап, міндеттерімізді нақтылап берген айқын құжат. Ондағы атқарушы органға қатысты әрбір тармақтың сапалы әрі мерзімінде орындалуына аудан, қала әкімдері, тиісті сала басшылары жеке-дара жауап бересіздер, - деді өз сөзінде.