13.04.2017 в 19:13

Ж.Түймебаев: Қымбат тарифті төмендету арқылы арзан өнімге қол жеткізе аламыз

Оңтүстік Қазақстан облысы уран өндіруде республика бойынша көш бастап тұр. Былтырдың өзінде өңірде 19 мың тонна уран өндірілсе, Шымкент мұнай өңдеу зауыты 4,5 млн. тонна мұнай өңдеген. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында   ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жүргізіп отырған мәжілісте өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту, энергоресурстармен қамтамасыз ету,  электр энергиясы мен табиғи газ тарифтері мәселелері қаралды.

Мәжілісте сөз алған министр облыстың аса маңызды минералды-шикізаттық әлеуеті мол екенін атап өтіп, алдағы жоспарларға тоқталды.

«Оңтүстік Қазақстан облысы уран өндіру көлемі бойынша көшбасшы болып табылады. Облыста 8 уран өндіруші кәсіпорын жұмыс істейді. Былтырғы жылы республика бойынша жалпы 24,6 мың тонна уран, оның ішінде  Оңтүстік Қазақстан облысында шамамен 19 мың тонна уран өндірілді. Ал еліміздің өңдеу өнеркәсібінің негізгі компоненттерінің бірі үш мұнай өңдеу зауыты болып табылады. Олардың ішінде, Шымкент мұнай өңдеу зауыты өңір экономикасына өз үлесін қосуда»,-деді министр.

Айта кетейік, былтырғы жылы республикада 14,5 млн. тонна мұнай өңделсе, оның ішінде Шымкент зауыты 4,5 млн. тонна мұнай өңдеген.

Өнеркәсіпті дамыту үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, сапасын жақсартуды айтқан аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев электр энергиясы мен табиғи газдың тарифтері туралы сөз қозғады.

«Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша электр қуатына жалпы қажеттілік орташа есеппен сағатына 400 МВт құрайды. Оның 30 пайызы ішкі көздер есебінен алынса, 70 пайыздан астам бөлігі еліміздің солтүстік өңірлерінен тасымалданады. Оңтүстік Қазақстан облысында заңды тұлғаларға арналған электр энергияның тарифтері еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда ең жоғары деңгейде. Бұл өз кезегінде облыста өндірілген тауарлардың өзіндік құнының жоғары болуына, бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне, халықты жұмыспен қамтуға, өңірдің инвестициялық тартымдылығын төмендеуіне әкеліп отыр»,-деді Жансейіт Қансейітұлы.

Осыған байланысты, солтүстік энергия көздерінен алынатын электрэнергияның құнын төмендету, электр қуатының нарығын 2018 жылдан бастап енгізуді қарастыру, жаңартылатын энергия көздерін өндіретін жобаларды жүзеге асыру үшін электр энергиясына тіркелген тарифтерге өзгерістер енгізуді жеделдету ұсынылды.

Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев аймақтағы елді мекендердің электр энергиясы мен табиғи газбен қамтылуы бойынша  2017-2020 жылдар аралығында атқарылатын жұмыстар туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, облыс тұтынушыларын сапалы және қажетті көлемде электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін Шымкент қаласында  «Бозарық», «Астана 1,2» қосалқы станцияларының құрылысы жүргізіліп жатыр. Осының нәтижесінде қаладағы өнеркәсіп орындары мен 430 мың тұрғын сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады. Бұдан бөлек, өңірде 7 қосалқы электр станцияның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.                       

Оңтүстік өңірінің табиғи газға деген жылдық қажеттілігі орташа есеппен 1 млрд. м3 құрайды. Ал газдандыру деңгейі қазіргі таңда 62 пайызға  жетіп отыр.

Жалпы 2021 жылға дейін табиғи газбен қамтылған елдімекендер саны 683-ке жетіп, 81 пайызды немесе 2 млн. 720 мың тұрғынды құрауы тиіс.  Оның ішінде 2020 жылға қарай Түркістан қаласы 100 пайызға  газдандырылатын болады.

Облыста табиғи газдың тарифі еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда жоғары.  Бұл  өңір инвестициялық тартымдылығын төмендетіп,  экономикалық өсімге кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан табиғи газ тарифін арзандату мақсатында, сатып алу мен тасымалдау құнын төмендету немесе республика бойынша ортақ біріңғай тариф енгізуді қарастыру ұсынылды.

Осы ретте министр Қанат Бозымбаев 2017 жылға Ұлттық Қор қаражатынан 734 млн. теңге көлемінде Сарыағаш ауданындағы бірқатар елді мекендерге газ құбырларын салу үшін  қаражат қарастырылғанын мәлімдеді.   Сондай-ақ ол электр және газ тарифіне байланысты ұсынысқа орай арнайы жұмысшы тобын құрып, зерттеу-зерделеу жұмыстарын бастауға кеңес берді.