13.04.2017 в 23:21

ОҚО-да мемлекеттік қызметшілер үшін memkyzmet.kz көмекші сайты жұмыс істейді

Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әли Көмекбаев хабарлады.

«Жолдау жаңашылдықтары: Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» тақырыбындағы журналистер болған баспасөз жиынында спикер мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі мемлекеттік қызметке деген сенімді арттырып жатқанын айтып, бұл жүйе енгізілгелі бері қызметшілердің командалық ауысымы 4 есеге жуық төмендегенін жеткізді. Сәйкесінше, 2016 жылы мансаптық өсу негізінде лауазымында жоғарылағандар саны 2015 жылға қарағанда 12%-ға арттырылғанын айта келе, Әли Амантайұлы мемқызметшілер үшін кері байланыс орнатып, сервистік қызмет атқаратын memkyzmet.kz көмекші сайты жұмысын бастағанын мәлімдеді. 

«Қолданушылар сайтты смартфондарына мобильдік қосымша арқылы жүктеп алып, кейін интернетке кірмей-ақ, жүргізіліп жатқан кешенді аттестаттау, мемлекеттік қызметке кіру тәртібін, бос орындар мен облыстың мемлекеттік органдарымен көрсетіліп жатқан қызмет көрсету тізбесін, мемлекеттік қызмет алу үшін қажетті құжаттар тізбесін, зңнамалар жиынтығын және басқа да мәліметтерді алуына болады. Бұл интернет-ресуста  «Аттестаттау 2017» арнайы айдары ашылған. Ол жерде мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттауды өткізудің толық мәліметінен басқа, әңгімелесу кезеңі бойынша әдістемелік ұсынымдар, жадынамалар, бейнероликтер және басқа да пайдалы материалдар бар. Сайттың тағы бір ерекшелігі - «Онлайн үйрену тесті» айдарының ашылуы», - деді Ә.Көмекбаев.

Тілшілермен болған басқосуда департамент басшысы бүгінгі таңда өңірімізде мемлекеттік қызметкерлердің аттестаттаудан өтіп жатқанын хабарлап, тестілеу кезеңінің толықтай аяқталғанын айтты. Мәліметінше, тест тапсырған қызметкерлердің 27%-ы «өте жақсы», 69,5%-ы «тиімді», 3,3%-ы «қанағаттанарлық», 0,2%-ы «төмен» деген нәтижені көрсеткен. Жалпы, 1218 мемлекеттік қызметшіге қатысты аттестаттау комиссиясының шешімдері қабылданды. Нәтижесі бойынша 51 (4,1%) мемлекеттік қызметші лауазымында жоғарылатуға ұсынылса, 1142 (93,8%) қызметшінің атқаратын лауазымына сәйкестігі айқындалды, 18 (1,5%)  қызметшіні төмендетуге ұсынылған.