Фестивалдің мақсаты - түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты нығайту, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, кәсіби театрлардың өнерін насихаттау, түркі әлемі театрларының басшылары кеңесінің мәжілісін өткізу, бір-бірімен іс-тәжірибе алмасу және тығыз қарым-қатынаста болуына ықпал ету болып табылады.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Мәдени орталығында өткен фестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды.
«Қазақ даласына кенжелеп келген театр өнерінің бастауында тұрған Жұмат Шаниннің «Театр – ұлттың айнасы, театр – идеологиялық құрал!» - деген өнегелі сөзі шынайылығын дәлелдеп келеді. «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының аясында түркі ұлыстарын біріктіруде, рухымызды асқақтатуда мәдениет пен өнер алтын көпірге айналуда. Бүгінгі өткізіліп отырған Түркі әлемінің театр фестивалі осының айғағы», - деді облыс әкімінің орынбасары.
«Театры көктемі-2017» фестивалін Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка драма театры Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» тарихи драмасымен ашса, Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры Г.Хугаевтың «Қара шекпен» әпсанасын сахналады.
Түркі елдері театрлары арасындағы фестивальға Оңтүстік Қазақстан облысының 5 театры, Астана қаласының Жастар театры, Павлодар облысы және Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің сахна саңлақтары, жалпы саны 9 ұжымнан 300-ден аса әртіс қатысуда.
Айта кетейік, өнер майталмандарының өзара жарысына Өнертану ғылымдарының кандидаты, театр сыншысы, Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек, әдебиетші, сыншы, профессор Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-і жанындағы Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Құлбек Ергөбек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Кинематография және театр өнері басқармасының бас сарапшысы, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Гүлнафис Мырзашева, Түркия мемлекетінен Адана қалалық театрының көркемдік жетекшісі, «Алтын коза» кинофестивалінің бас директоры Исмаил Дикилиташ, ҚР Мәдениет қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы университетінің профессоры Нәсіпқаным Камаловалар қазылық етіп жатыр.