Фотосуретшілер кездесуіне Түркия, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан мен Қазақстанның Астана, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан кәсіби 16 фотосуретші шақырылды.
Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени этнографиялық орталық базасындағы кедесуге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков - қоғам шындығын тарихта қалдыратын фотосуретшілер екенін атап өтті.
«Жалпы фотоөнер дегеніміз - фотосуретті негізгі ойды білдіру құралы ретінде қолданатын өнердің ерекше түрі. Сонымен қатар, фотоөнер – журналистиканың ұшқыр саласы. Ол – қасқағым сәттің шежіресі. Ерекше қырағылықты, ептілік пен қағілездікті талап етеді. Кәсіби маман түсірген суреттің өзі «сөйлеп» тұрады. Бүгінде тақырыпты бір кадрмен-ақ ашатын, тосын сәтті қағып түсіп, адамның болмысын қасқағым сәттік бейне арқылы ашатын шеберлер аз десек, солардың бірегейлері – бүгінгі кездесуде жиналып отыр»,-деді Ұ.Сәдібеков.
Бұл шараны ұйымдастырудың негізгі мақсаты - Тәуелсіз еліміздің тарихи-мәдени мұраларын, сәулеттік ескерткіштерін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын тарихи орындары мен әсем табиғатын насихаттау арқылы түркі тілдес елдердің талантты фотосуретшілерімен тәжірибе алмасу болып табылады.
Фотосуретшілер 4 шығармышылық топқа бөлініп, оңтүстік өңірінің барлық аудандары мен қалаларында, тарихи-мәдени ескерткіш орындарында жұмыс жасады. Жекелеп айтсақ, І-ші топ Түркістан, Кентау, Отырар, Қаратау қорығы аймақтарында, ІІ-ші топ Сарыағаш, Қазығұрт, Жетісай аудандары мен қалаларында, ІІІ-ші топ Созақ, Бәйдібек, ІV-ші топ Түлкібас, Төле би, Сайрам аудандарында шығармашылық фото жұмыстар жасады. Түсірілген фотосуреттерден арнайы көрмеге 100 дана фото жұмыстар қойылды.