12.09.2014 в 14:37

Назарбаевтың ШЫҰ саммитінде сөйлеген сөзінен

 

Үндістан мен Пәкістан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүшелікке өту үшін ресми өтінім берді. Бұл туралы бүгін Душанбеде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше-мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.

«Бүгінде Ұйымның күн тәртібінде 2025 жылға дейінгі ШЫҰ-ны дамыту стратегиясын әзірлеу мәселесі тұр. Стратегияны қабылдау арқылы біз ұйымның нақты бағдары мен болашақтағы күшеюі перспективасын айқындайтын жаңа белесті еңсереміз», - деді Елбасы.

Президенттің айтуынша, бұл бағыттағы алғашқы қадам ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру тәртібін бекіту мен өтініш беруші мемлекеттердің міндеттемелері туралы меморандум болмақ.

«ШЫҰ-ның дамуы оның негіз қалаушы ұстанымдары арнасында жүргізілуі тиіс, оның бірі - ашықтық. Бүгінде екі мемлекет - Үндістан мен Пәкістан ресми түрде мүшелікке өту үшін өтінім берді»,- деді Мемлекет басшысы.

Украинадағы дағдарыстың жалғыз шешімі - бұл саяси диалог пен консенсус. «Біздің барлығымызды да Украинадағы ахуал барынша алаңдатады. Дағдарыстың ауқымы мен ықпалы бұл елден баяғыда-ақ тысқары шығып кетті», - деді Н.Назарбаев.

Осы ретте Елбасы Шығыс Украинадағы ахуал шұғыл арадағы шаралар мен іс-қимылдарды талап ететіндігін баса айтты. «Проблеманың ұзақмерзімді жалғыз шешімі - бұл саяси диалог пен консенсус. Ағымдағы жылдың 26 тамызында орын алған Минск кездесуінің маңыздылығын да атап өту қажет. Ресей Президенті ұсынған жанжалды реттеудің кезең-кезеңдік жоспары дағдарысты бейбіт жолмен шешудегі маңызды құжатқа айналды»,- деген ҚР Президенті тараптарды аталған құжатты қатаң ұстануға шақырды.

«Таяу Шығыстағы жағдай да қиын болып отыр. Сирия, Ливия, Ирак, Палестина-Израиль жанжалы тұрақсыздықтың бақылаудан шығып кеткен ошағына айналды. Өңір лаңкестіктің иіріміне шырмалған», - деді Қазақстан басшысы.

Елбасының атап өтуінше, деструктивті элементтер тек қана өңірлік қана емес, сонымен бірге халықаралық қауіпсіздікке де тікелей қатер төндіреді.

«Бұл елдердегі дағдарысты ахуалдың гуманитарлық салдары да қиын екендігі белгілі», - деді Н.Назарбаев.

«Ауғанстан таяуда өткен президенттік сайлаудан кейін өз дамуының шешуші кезеңіне өтті. Тұрақтылықты қамтамасыз ету және сындарлы ауғанішілік диалогты жолға қою шұғыл міндеттердің қатарында қалып отыр»,- деді Елбасы.

Н.Назарбаев осы ретте Ауғанстан проблемасын шешу ауған халқы мен Үкіметінің өз қолында екендігін баса айтты.

«Ауғанстан экономикасын қалпына келтіруге жәрдемдесу басты мәселе болып қала береді», - деді Назарбаев.

«Иран мен Батыс арасындағы сұхбаттастықты алға жылжыту бойынша жан-жақты күш-жігерді қолдаймыз. Теһран мен «алтылық» елдері 2014 жылдың қарашасына дейін Иранның ядролық бағдарламасы бойынша қамтымды әрі ұзақмерзімді келісімге қол жеткізетіндігіне үміт артамыз», - деді Мемлекет басшысы.

Елбасының атап өтуінше, бұл Иранның ШЫҰ-ға мүшелікке өтуіне жол ашатын болады.

«Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты тереңдету басымдықты болып қала береді. Шекаралық мәселелер бойынша ынтымақтастық және өзара іс-қимыл келісіміне тезірек қол қою ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы шекара аудандарындағы сенім шараларының күшеюіне мүмкіндік береді»,- деді Н.Назарбаев.

Бұл ретте Елбасы ресми Астананың Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымның қызметін оданәрі жетілдіруге дайын екендігін баса айтты.

«Бұл процесс жан-жақты ойластырылған әрі барлық тараптың мүддесін ескерген болуы қажет. Киберқауіпке қарсы тұру саласындағы белсенді ынтымақтастықты да жалғастыру маңызды. Қазақстан БҰҰ аясында халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы тәртіп ережесін ілгерілетуді қолдайды», - деді Мемлекет басшысы.

 

«ШЫҰ-ның Іскерлік кеңесі мен ШЫҰ-ның банкаралық бірлестігі жұмысын жандандыру қажет. Олардың тиімділігінің көрсеткіші өзара пайдалы бірлескен жобалардың жүзеге асырылуы болуы тиіс», - деді.

Отырыс барысында Қазақстан Президенті әлемдегі тұрақсыз геосаяси және геоэкономикалық ахуал жағдайында Шанхай ынтымақтастық ұйымы үшін басымдығы бар міндет саналатын бірқатар өзекті мәселелерді айқындап берді.

Мемлекет басшысы негізгі мәселелердің бірі ретінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы шешілмеген шекара проблемаларын атады. Ол сенім шараларын нығайтуды және шекара ауданында қарулы күштерді қысқартуды қарастыратын ШЫҰ-ның Шанхай және Мәскеу келісімдері секілді базалық құжаттарының ережелерін сақтаудың айрықша маңыздылығына назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығының маңызды бағыттарының бірі саналатынын айтты.

«Сарапшылардың болжауынша, 2050 жылға қарай Жер жүзінің халқы 9 миллиардқа жетеді. Сонымен бір мезгілде таяу 10 жылда ауа райының ауытқуы салдарынан азық-түлік өндірісінің көлемі қысқарады. Мұндай беталыс азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін құру және соған сәйкес ынтымақтастық бағдарламасын бекіту туралы Қазақстанның бастамасын талқылауды жаңғырту қажеттігін көрсетеді», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті су тапшылығы мәселесі өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке ықпал ететін салмақты проблема екендігіне тоқталды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қазақстан ұсынып отырған Су комитетін құру осы мәселені шешу бағытындағы ынтымақтастықтың іс жүзіндегі тетігіне айналуы мүмкіндігін айтты.

Соңында Мемлекет басшысы отырысқа қатысушылардың назарын ШЫҰ аясындағы бірқатар мәселелерге аударды. Соның ішінде Елбасы ШЫҰ басымдықтарының жекелеген қатысушы-мемлекеттердің ұлттық мүдделерімен сәйкеспеуі салдарынан жүзеге асуы тежеліп отырған жобалар мен бастамаларды, сондай-ақ бірқатар маңызды экономикалық жобалардың ілгерілеуін қиындатып отырған қаржылық ресурстардың жоқтығын атады.