"Зейнетақы ресурстары - барлық елде қор нарықтары, басқа да тетіктер арқылы ұзақ мерзімді инвестиция көзі саналады. Біз зейнетақы жинақтау жүйесін қаржыны кеңірек өндіріске жіберу үшін, инвестиция үшін құрғанбыз. Енді не көріп тұрмыз? Жинақталған зейнетақыны басқарған компаниялардың заңды бұзып, проблема болғаны рас. Бірақ бұл бақылаудың әлсіз екенін білдіреді" деді Құлыбаев.
Оның пікірінше, Ұлттық банк бақылау жасағанда "басқарушы компаниялармен жұмыс істеуі тиіс" болатын.
"Барлығын БЗЖҚ-ға жинадық. Коммерциялық банктер басқара алмайды деді. БЗЖҚ ол ақшаларды қайда салды? Мемлекеттің қарызы мен коммерциялық банктердің депозитіне салды. Яғни, тартып алған субъектіге қайта басқаруға берді. Тек ұзақ мерзімді қаржының орнына депозитке, қысқа мерзімді қаржыландыруға берді" деді Құлыбаев.
2013 жылы 22 тамызда "Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры" БЗЖҚ болып қайта тіркелген. БЗЖҚ-ның құрылтайшысы және акционері ретінде қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің атынан Қазақстан үкімет саналады. БЗЖҚ-ның зейнетақы активтерін Ұлттық банк басқарады.
Қазақстан заңдары бойынша, жұмыс істейтін азаматтар ай сайын айлық табысының 10 пайызын БЗЖҚ-ға аударып отыруға міндетті. БЗЖҚ-да 10 миллион дербес зейнетақы есепшоты тіркелген. Өткен жылғы желтоқсан айының басындағы есеп бойынша, зейнетақы қорының активтері 6,6 триллион теңгені (19 миллиард доллардан астам) құраған.
Дереккөз: Азаттық