15.09.2014 в 16:14

Әлем қауымдастығы күрделі кезеңде тұр

Әлем қауымдастығы күрделі кезең торабында тұр. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Қазақстан-2050» Стратегиясының іске асырылуы және Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастықтағы рөлі» тақырыбына арналған дөңгелек үстел барысында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Бүгінгі сын-қатерге толы күрделі әлемдегі еліміздің басты бағдары - «Қазақстан-2050» ұзақмерзімді даму стратегиясы болып табылатындығын баса айтқан Сенат Төрағасы:

«Барша әлем қауымдастығы күрделі кезең торабында тұр. Қаржылық-экономикалық жағдай құбылмалы. Бұл әлемдік дағдарыстардың қайталану қаупін тудыратындығы белгілі. Халықаралық ахуал да тұрақты сипатта емес. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың ажырамас бөлігі болып табылады. Сондықтан да әлемде орын алып жатқан жағымсыз жағдайлардың ықпалы әсер етпей қоймайды», - деді.

Сонымен қатар ол өз сөзінде әлемдегі осындай жағдайға қарамастан ел халқы  «Қазақстан-2050» стратегиясында көрсетілген міндеттер нақты түрде орындалатындығына сенетіндігін баса айтты.

«Президенттің тапсырмасымен атқарушы биліктің барлық деңгейлерінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары бойынша қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Парламент Мемлекет басшысы айқындап берген ұзақмерзімді даму бағытын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуде. Отанымызды бұдан да табысты мемлекетке айналдыру жолында халқымыздың бірлігі берік», - деп аяқтады сөзін Қ.Тоқаев.