03.05.2017 в 20:58

Шымкентте 50 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылады

Шымкент қаласында тазалық жұмыстары жүргізілетін көшелер саны соңғы 5 жылда 58-ге артқан болатын. Көктем маусымына қарсы қаланы қызғалдақпен гүлдендірген мекеме бүгінгі таңда петуния, тагетис жаздық гүл көшеттерін егуді бастап жіберді. Қала тұрғындары мен қонақтары Темірлан тас жолының бойымен, Тәуке хан даңғылымен, Төлеметов және Желтоқсан көшесімен жүріп өтсе, жаздық гүлдердің жайнап тұрғанын көреді. Алда гүлге оранатын көшелер мен даңғылдар, орталық алаңдар көп-ақ. Бұл туралы shymkala.kz сайты жазады.

Бөлім басшысының айтуынша, Қонаев даңғылына 7 295 дана боз арша, 140 дана шынар, Темірлан тас жолына 1 000 боз арша, 3 000 қара ағаш, 24 аққайың, 148 емен, 140 шынар, 121 талшын, 400 райхан көшеттерін отырғызу жоспарланған. Ал «Асар» шағынауданына 100 айлант көшеті мен 50 дана үйеңкі, №6506 әскери бөлімінің далалық оқу-жаттығу орталығына 6 750 дана қара ағаш көшеттері бөлінген.

Сондай-ақ, Шымқала «шатқалдарында» алдағы уақытта емен, қытай шағаны, үйеңкі, шаған, боз арша, жылауық тал, аққайың, қарағай, қара ағаш, сән ағаш, терек көшеттері көктейді. Тіпті, шатқалдағы саябақтардың кейбірінде жеміс ағаштары да болады деген жоспар бар.

Жоспардағы 33 376 дана көпжылдық ағаш көшеттерімен раушан гүлдері егу жұмыстарынан кейін де көп күтімді қажет етеді.

Қала аумағында түнгі жарықшам желілерінің ұзындығы – 416,4 шақырым. Бұл 139 орталық көшелер мен 6 саябақ, 30 гүлзарда және жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол бойында іске қосылған. Түнгі жарықтандыру жұмыстары бойынша «Ақсемсерстройсервис» және «Стройсервис Ernur-K» ЖШС-і қызмет көрсетуде.

Биыл тағы 23 көшені жарықтандыру, 4 көшенің жарықтандыру желісін қайта құру жұмыстары басталған. Соңғы 5 жылдағы көрсеткіштерге сүйенсек, қаладағы жарықтандырылған көшелер саны 98-ден 162-ге, яғни, 59,4 %-ға артқан. Дегенмен, қаланы көркейту мекеменің жұмысымен шектелмейді.

Шымкент қаласында орналасқан «Абай», «Тәуелсіздік», «Жеңіс», «Орталық», «Металлургтер», «Нұрсат», «Этно-тарихи» саябақтары және «Шәмші әлемі», «Хан тәңірі», «Отбасы» аллеялары мен гүлзарлардың жалпы алаңы 116 гектар. 1 мамыр мерекесі мен жаз маусымының басталуына орай қала орталығындағы 21 субұрқақ іске қосылды. 46 ескерткіш, монумент, мемориалдар бар. Жанға жайлы мекендер Шымқалада әлі де арта түседі. Бұрынғы қоқыс полигонының орнына түскен 37 га аумақтағы саябақ құрылысы мен «Наурыз», «Мәртөбе» тарихи саялы бақтарында да құрылыс жұмыстары жалғасуда.