05.05.2017 в 18:28

Амандық Баталов соғыс ардагерлерін үйлеріне арнайы барып, құттықтады

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласында тұратын бірқатар соғыс ардагерлерін үйлеріне арнайы барып, құттықтады. Облыс басшысымен қатар ардагерлерге мектеп оқушылары да гүл шоқтарын ұсынып, өлең оқып берді.

Алғашқы болып халық «паравоз апа» атап кеткен Алтынай Есболатованың шаңырағына келген облыс басшысы ардагерге құттықтау тілегін және сый-құрметін білдірді.

- Елбасының атынан, облыс жұртшылығы атынан Сізді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Бізге бүгінгідей бейбіт өмір сыйлағандарыңыз үшін әрқайсыларыңызды мақтан тұтамыз, алдарыңызда бас иеміз. Сізді құттықтауға келген осы өскелең ұрпаққа сіздер қашанда үлгісіздер. Біз сіздердің ақ баталарыңызбен көгереміз. Алдымызда ақылшы, тілекші боп аман жүріңіздер, - деп ізгі тілегін жеткізді.

Алтынай Жайнаққызы өз кезегінде соғыс кезіндегі сұрапыл жылдардан шағын естеліктер айтты. Ардагердің неміс әскербасы Ф. Паулюс пен оның 1200 солдатының тұтқындалғанына куә болып, тұтқын солдаттарды тауар пойызымен алып барғаны, Жеңіс шеруі кезінде маршал Жуков пен маршал Рокоссовксийді көргені және басқа да мағыналы естеліктерін жас өрендер қызыға тыңдады. Алтынай апа 1941 жылы майданға аттанып, кондуктор ретінде әскери эшалонмен бірге жүрген, машинист болған кездері де аз емес Ұлы Жеңіске куә болып, 1946 жылы елге оралды.

- Біздің көрген бейнетімізді, қиындығымызды көрмеңдер. Балалар тек жалқауланбай оқысын. Білім бәрінен жақсы. Алла мені осы күнге жеткізгеніне разымын. Ең бастысы еліміз тыныш болсын, ел басқарып жүрген азаматтарымыз аман болсын, балалар бейбіт өмірдің қызығын көрсін! – деді Алтынай апа ақ тілегін білдірді.

Мұнан соң Хасан Боранбаевтың үйіне атбасын тіреп, ақсақалды мерекемен құттықтады. Облыс басшылығының құттықтауы мен мектеп оқушыларының жалынды жырларын тыңдаған Хасан ата үлкендерге көрсетілген құрметі үшін алғысын білдіріп, жас өрендерге ақыл-кеңесін айтты.  Х. Боранбаев соғыс кезінде Кировоград, Яссы, Воронеж, Рыбница қалаларын жаудан азат етуге қатысып, Венгрия, Румыния, Австрия, Чехославакия елдерін жаудан қорғау ұрыстарын бастан кешірген.

Кезекті құттықтау соғыс ардагері Григорий Харченконың  шаңырағында жалғасты. Григорий Назарович артиллерия полкінің құрамында Ленинград пен Прибалтика түбінде ұрысқа кіріп, 1948 жылы Литва шайқасынан елге оралды. Соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіруге белсене атсалысқан ақсақал өмірін гидро-, жылу-, электр станцияларын салу ісіне арнады.

Облыс әкімі А. Баталов ардагерлерге басқа да сыйлықтармен қатар ЭКСПО-2017 көрмесіне билеттер тарту етті.