07.05.2017 в 16:07

Оңтүстікте 500 жауынгер салтанатты маршпен жүріп өтті

Шымкент қаласындағы «Орталық» саябақта 7 мамыр – «ҚР Отан қорғаушылар күні» мерекесіне арналған салатанатты шара өтті. Бұл күні әскери оркестрмен 500 жауынгер «Ордабасы» алаңынан «Орталық» саябаққа дейін салтанатты маршпен жүріп өтіп, сап түзеді.

Мерекелік жиынға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша Оңтүстік жұрты мен жауынгерлерді Отан қорғаушылар күнімен және Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріне – 25 жыл толуымен құттықтады,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«Бүгінде Елбасының, Қазақстан Қарулы Күштерінің бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық көрегендігінің арқасында Қазақстан армиясының жаңа келбеті, отаншыл рухы қалыптасты. Қарулы Күштер мемлекетіміздің тұрақты кепіліне айналды. Сондықтан бұл күн – Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін, айбынды әскеріміздің атағын асқақтатқан, мемлекетіміздің қуатын айғақтайтын күн»,-деді әкім.

Мұнан соң, өңір басшысы елдің қорғаныс қабілетін күшейтуге, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, азаматтардың мүдделері мен құқықтарын, заңдылықты қорғауға үлес қосқан 17 азаматты Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен, ҚР мемлекеттік наградасы «Ерлігі үшін» медалімен және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, ОҚО әкімінің Грамотасы мен Алыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар, 10 азамат ҚР Қорғаныс министрінің «Мінсіз қызмет үшін» медалімен наградталды.

Концерттік бағдарламамен жалғасын тапқан мерекелік шарада «Мәңгілік ел тұғыры - Қуатты Армия» - театрландырылған көрінісі қойылып, патриоттық әндер шырқалды. Сонымен қатар, мерекелік басқосуда оңтүстікқазақстандықтар тікелей трансляция арқылы Астана қаласында өткен ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған әскери парадты тамашалады.

Айта кетейік, елорданың Қазақ елі алаңында өткен шеруде 5000-нан астам әскери қызметшілер салтанатты маршпен жүріп өтсе, 300-ге жуық әскери техника мен заманауи қару-жарақ түрлері жұртшылық назарына ұсынылды. Ал 70-ке жуық әуе техникасы Қазақстанның авиациялық әлеуеті мен жауынгерлік әзірлігін паш етті.

Еске салсақ, биыл Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл. Уақыт талабына сай әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан-жылға нығайып келеді. Біздің өңір – еліміздің Оңтүстік қақпасы. Өңірімізде Шымкент горнизонына қарасты 10 әскери құрылымдық бөлімдер Оңтүстік шекарасының тұтастығы мен тыныштығын сақтауда қызмет етуде.

Фото авторы Самат Мырзалиев.