12.05.2017 в 17:23

Шардара су қоймасы жағалауынан 60 туристтік нысан салынбақ

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Шардара ауданының әкімі  Болатбек Қыстауов мәлім етті. Оның айтуынша, ауданда туризм саласын дамыту мақсатында Шардара су қоймасы жағалауынан 60 нысан іске қосылып, оған 6,7 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады деп жоспарлануда екен. 

Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында жүктелген міндеттердің орындалуы бойынша баяндаған аудан басшысы бүгінде Шардарада 36 гектар аумақта индустриалды аймақ құрылып, онда кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

Мұнан бөлек,  ол Шардара ауданы балық өңдеу бойынша облыс көлемінде көш бастаушы аймақ екенін айтып,  бұл бағытта өткен жылы жұмыс істеп тұрған 3 балық зауыты жалпы 4 мың тоннаға жуық балық өңдеп, 3,2 млрд. теңгенің өнімін өндіргенін мәлімдеді. Ал оның 80 пайыздан  астамы шет елдерге экспортталған. Сонымен қатар, биыл жылдық қуаттылығы 600 тоннаны құрайтын тағы бір балық өңдеу зауыты іске қосылып, 30 адамды жұмыспен қамтыған. Алдағы уақытта жаңадан ашылған кәсіпорындар есебінен балық өнімдерінің көлемін 30%-ға арттыру жоспарлануда екен.

Брифингте Болатбек Қыстауов сонымен қоса, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы  аясында Шардара қаласындағы  Астана және Әл-Фараби көшелерінен 40 пәтерлі көпқабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы басталатынын жеткізді.

«Бұл бойынша бүгіні таңда жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Ал биылғы жылы үш ауылдық округте, яғни, Сүткент, Ақшеңгелді, Егізқұм ауылдарында  жергілікті бюджеттен бөлінген 64 млн. теңгеге бір пәтерлі 9 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға береміз деп отырмыз. Жалпы Шардара ауданында бүгінгі таңда  996 отбасы тұрғын үй кезегінде тіркелген. Олардың ішінде 126-сы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар»,-деді аудан әкімі.