«Қазақавтожол» РМК бас директоры Ұлан Әліпов кәсіпорынның басты міндеттері мен ағымдағы қызметі туралы айтып берді. «Су тасқыны басталғаннан бері қарғын судың автожол үстінен 96 рет асып төгілуі тіркелді. Су тасқыны салдарынан 42 учаскеде автомобиль жолдары мен жолдағы жасанды құрылыстар бұзылып, зардап шекті.
2016 жылы болған су тасқынымен салыстырғанда, судың жолдан асып төгілуі былтырғы көрсеткіштен 3 есе, жолға және жасанды құрылыстарына зақым келтіруі - 2,5 есе асып түсті.
41 автожол учаскесі бойынша су тасқыны зардаптарын қалыпына келтіру аяқталды. 180 метр жол қабаты, 7,1 мың метр жол жиегі, 13 су өткізу құбыры қалпына келтірілді», - деп атап өтті Ұ.Әліпов.
Сонымен бірге, «Кешенді мақсатты бағдарлама» аясындағы екі айлық жұмыстардың бағыттары аталды. «Шұңқыр жөндеу, жолтабандар (сораптар) мен жол тарамдарын жою, жол белгілерін орнату, жол қоршауларын жөндеу, жүргін бөлікті сызып белгілеу, автопавильондар мен демалыс алаңдарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда барлық жұмыс кестеге сәйкес атқарылуда және биылғы жылдың 15 маусымына дейін КМБ жоспарының 60%-ын орындау жоспарланып отыр», - деді Ұлан Әліпов.