15.05.2017 в 20:47

Сарығашта 26 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік жұмыс істейді

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында 26189 шағын және орта кәсіпкерлік жұмыс істеп келеді. Олардың ішінде 1518-і заңды тұлғалар болса,  10556-сы шаруа қожалықтар,  ал 14115-і жеке кәсіпкер. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Абдуәлиев мәлім етті.

Оның айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікте 45853 адам жұмыспен қамтылған. Олардың өндірген өнім көлемі 12514,3 млн. теңгені құрап, 546,1 млн. теңге көлемінде бюджетке қосымша салық түсірген.

«Осы шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында қаржы ұйымдары арқылы 3292 тұлғаға 2010,9 млн. теңге көлемінде несие берілді. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласына бағытталған. Яғни, мал бордақылау, мал басын көбейту, жылыжай, егін шаруашылығы және сауда нүктелерінің айналымын арттыруға несие берілген»,- деді әкім.

Сонымен қатар, ауданда жыл басынан бері  Жарты төбе ауылдық округі аумағынан 36 адамды жұмыспен қамтыған  тігін цехы,  Көктерек кенті аумағында «Ақ Тілек» шипажайы іске қосылып, 50 адам жұмыспен қамтылған.

Аудан әкімінің хабарлауынша, 2017 жылы «Индустриалды инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде индустриаландыру картасына  жалпы құны 560 млн. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба ұсынылып отыр.

Олар «ТМстрой» ЖШС-нің құны 250 млн. теңгені құрайтын пресс жіп шығаратын жобасы мен жалпы құны 160 млн. теңгені құрайтын күйген кірпіш шығаратын зауытының құрылысы болса,  жалпы құны 150 млн. теңгені құрайтын «Көшім» ШҚ тауарлық балық өсіру және балық етін өңдеу зауытының құрылысы болып отыр.