19.09.2014 в 11:37

Бір жылда бір облыстың халқы қосылғандай көбейдік

Елімізде әрбір 90 секунд сайын дүние есігін жаңадан ашқан сәбидің іңгәлаған дауысы естіледі. Бұл туралы бүгін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты шара барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

Елімізде жүргізіліп жатқан саясаттың демографиялық ахуалға оң септігін тигізіп отырғанын баса айтқан Мемлекет басшысы: «Тәуелсіздік кезінде, биыл оған 23 жыл толады, 6 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Совет одағы күйреп, халымыз мүшкіл болған жағдайда халқымыздың саны 14 миллионға дейін төмендеп кеткенін білесіздер. Осы жылдардың өзінде, қазір еліміздің халқының санын 17 миллионнан артық болды. Өткен 1 жылдың ішінде 254 мың адамға көбейдік. Салыстыру үшін айтар болсақ, бұл тұтас Қостанай қаласының халқы болып саналады. Статистика бойынша елімізде әрбір 90 секунд сайын дүние есігін жаңадан ашқан сәбидің іңгәлаған дауысы естіледі», - деді.

Елбасының атап өтуінше, сондықтан да 20 жыл ішінде елімізде 1000 білім ордасы, 800 денсаулық нысаны салынған. Бұл халқымыздың игілігіне жасалған мемлекеттің қамқорлығы болып саналады.

«Бұрын-соңды Қазақстанда ешқашан болмаған күрделі операциялар жасалатын болды. Соның нәтижесінде ел азаматтарының орташа  өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асты», - деді ҚР Президенті.

Айта кетейік, марапаттау рәсіміне аймақтық турлардан жеңіп шыққан 16 отбасы қатысады. Жалпы, конкурста еліміздің барлық өңірлерінен 1 298 отбасы бақ сынаған болатын.