24.05.2017 в 00:00

ОҚО-да «Ордабасы» қой тұқымының саны 125 мыңға жеткізілмек

Бұл туралы  Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен етті-майлы ордабасы тұқымын өсірудің және қозы етін өндірудің озық технологияларына арналған баспасөз-конференциясында «Оңтүстік Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Бас директорының мал шаруашылығы бойынша орынбасары Нұрадин Әлібаев мәлім етті.

Онда спикер Елбасы Жолдауында айтылған аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек деген тапсырмасына орай, алдағы 4 жылда яғни, 2021 жылға қарай «Ордабасы» қой тұқымының санын 125 мыңға жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Ол үшін арнайы бағдарламада жасалып жатыр.

Бүгінде бәсекеге қабілетті Ордабасы қой тұқымы ауылшаруашылық өндірісіне кеңінен ендірілген, оның жалпы саны 75 мың бастан асса, ал таза тұқымдыларының саны 36 мыңнан астам басты құрап отыр.

Қазақстанда етті-майлы қой шаруашылығын тұрақты дамытудың басты бағыттары бойынша алдыңғы қатарлы тәжірибемен бөліскен Нұрадин Әлібаев қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы мен еділбай тұқымы және шетелдік - гиссар тұқымы тектік қоры негізінде ордабасы қой тұқымы жасалынғанын жеткізді.

«Технология кешенді келесі ғылыми-зерттеу жұмыстарынан тұрады: зерттеу бағытын таңдау; бастапқы тұқымдардың жоғары тірілей салмақ, тезжетілгіштік және бейімделушілік қасиеттерін ұтымды ұштастырған бағалы генотиптерді алудың әдістемелерін теориялық негіздеу; генетикалық әлеуеті жоғары жаңа генотиптерді көбейтудің әдістемесін жасау және олардың қасиеттерін келесі ізбасылық ұрпақтарда бекіту»,-деді ғылыми-зерттеу институтының орынбасары.

Баспасөз-конференциясына қатысқан «Сералы» ШҚ төрағасы С.Әбжалов пен отырарлық «Бек» ЖШС төрағасы Б.Зұлпыхаровтар жаңа қой тұқымының ерекшелігіне тоқталды.

Олардың айтуынша, бұл қойдың кәдуілгі қойдан ерекшелігінің бірі тірідей салмағының жоғарлығында екен. Мәселен, аналықтар 72-85 кг болса, қошқарлар 103,5-123 келіге дейін болады. Сонымен қатар, жастөлдердің тез өсімділігімен ерекшеленеді. Яғни, 4 айлық еркек қозылар етке өткізуде 42-45 кг салмақ тартып, сойыс шығымдылығы 52% құрайды. Мұнымен қоса оның ерекшелігі етті және етті-майлы бағыттағы әлемдік қой тұқымдарымен бәсекелестігінде.

Айта кетейік, қой және қозы етін өндірудің тиімділігі орта есеппен 88,5%-ды құрайды. Осы мақсатта жаңа тұқымның 12 385 асыл тұқымды мал басы 125 қой шаруашылығын жүргізетін субъектілерге сатылды және Қазақстанның әртүрлі аймақтарында өсірілуде. Осы ретте, «Сералы» шаруа қожалығы жыл сайын Ордабасы қой тұқымының 1000 басын Қазақстанның әртүрлі аймақтарына жіберіп отыратытын атап өткен жөн.