24.05.2017 в 21:35

Сайрамнан елордалықтарға 4 тонна құлпынай жөнелтілді

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының диқаны  Шавкат Хакимбаев  егістіктен жиналған бірінші өнімін Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне орай 4 тонна құлпынайды жөнелтті. «Зебо-1» шаруа қожалығының 2 гектар егістік жерінде бүгінде жиын-терім жұмыстары қыза түскен. 40-қа жуық адамды маусымдық жұмыспен қамтып отырған қожалық басшысы биыл  13-14 тоннаға жуық өнім аламын деп отыр.

«Қазіргі таңда біздің құлпынайымызға сұраныс мол. Аталған өнімді негізінен Алматы және Астана қалаларына сатылымға шығарамыз. Маусымдық жұмыстар кезінде 30-40 адамды жұмыспен қамтимыз. Құлпынайды теріп, шөбін жұлып, баптаған жұмысшыларға күндігіне – 1700 теңгеден төлеп жатырмыз», - дейді қожалық төрағасы.

Мұнда өсірілген құлпынайдың сорты «Виктория» деп аталады.  Ірі болғанымен, салмағы жеңіл келеді.  Сондықтан үлкен шелегінің өзі 9 келі тартады.  Бір келісінің бағасы  - 350 теңге.  Айта кетейік, құлпынайдан 1 айда 1 рет өнімін алынса, оны 3 күнде 1 рет суғарып отыру қажет. Сондықтан егістік алқабында ағын су  үзілмеуі тиіс.

Құлпынай егумен 17 жылдан бері үзбей айналысып келе жатқан    Шавкат Ахматқұлұлы өзіне тиесілі 2 гектар  ауыл шаруашылығы жерінің күтіміне  баса мән берген.

«Өнімді мол алу үшін  біз  алқаптың топырағын құнарландыруға үлкен көңіл бөлеміз. Құлпынайды  ылғалды топырақта егіп, ағын судан тарықтырмаймыз.Топырақтың ылғалдылығын сақтау үшін шірінді көң төгіледі», - дейді  Шавкат Хакимбаев.

Мұндағы әр атыздың ұзындығы 75 метр.  Солардың әрқайсысы 1 автокөлік шірінді көң арқылы құнарландырылған.  Құлпынайдың ерекшелігі, оны отырғызған топырақты 5 жылға дейін қозғамайды екен.  Сонымен қатар, тамырын бір қатырып, бір босатып отырғасын, құлпынайдың беретін өнімі де өте ұсақ болады. 

Бүгінде Сайрам ауданына қарасты Манкент ауылдық округінде  1200 шаруа қожалығы жұмыс істейді.  Олардың егістік алқабындағы құлпынай жемісінің көлемі  100 гектарға жуықтайды.