Айтулы шараға Орталық Азия, БҰҰ, ЕҚЫҰ, Бүкілдүниежүзілік банк өкілдері қатысады деп күтілуде.
Осы жиында Аралды құтқару жөніндегі қорға жетекшілік ету тізгіні Өзбекстаннан Түркіменстанға өтеді. Ресми Ашхабад қорға енді үш жыл бойында басшылық ететін болады. Соңғы үш жылда бұл қорға Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов жетекшілік жасады. Форум барысында Арал проблемалары, Сырдария өзені суын реттеу мәселелері талқыға түседі.
- Егер Қазақстан тарапынан Аралды құтқару жұмыстары тоқсаныншы жылдардан бері жүргізілмегенде, қазір теңіздің орнында 1 тамшы да су қалмауы мүмкін еді;
- Аралдың Өзбекстандағы бөлігі және батыс бөлігі енді ешқашан қалпына келмейді;
- ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылы Солтүстік Аралды құтқарып қалу үшін Берг бұғазына үлкен дамба салыныпты. Нәтижесінде Солтүстік Аралда балық пайда болып, су деңгейі көтерілген;
- 1999 жылы аталған дамбаны су шайып кетіп, тағы да Н.Назарбаевтың тапсырмасымен жаңа дамба салынады. Ол әліге дейін "қызмет көрсетіп" тұр;
- 1993 жылы Қазақстан президентінің бастамасымен Аралды құтқару халықаралық қоры құрылды. Бірнеше жыл қатарынан бұл қорға Назарбаевтың өзі төрағалық еткен. Бүгінде Орта Азиядағы 5 елдің басшылары кезегімен төрағалық етеді;
- Ең қиын кездерде Солтүстік Аралды балықтың небәрі 1 түрі мекендесе (камбала), бүгінде 27 түрі бар. Теңіз жағасынан үш балық өңдеу зауыты ашылыпты. Өнімдері Қазақстан мен Ресейде сатылып жатыр;
- Солтүстік Аралдың жағасы Арал қаласынан бұрын 100 шақырым қашықтықта жатқан болса, бүгінде бұл қашықтық небәрі 17 шақырымды құрайды;
- КСРО кезінде Арал теңізі "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшқан ғарышкерлердің қону алаңы болып қызмет атқарған. Яғни, ғарыш кемелерінің капсулалары теңізге келіп түсіп отырған;
- Аралдағы Возрождение аралында Кеңес үкіметінің билігі бактериялық қару жасаған.
Қысқасы, Аралды құтқару жұмыстарын Қазақстан соңғы 25 жыл көлемінде жүргізіп келеді екен. Өзбекстан болса тек жаңа президент тағайындалған уақыттан бері ойлана бастаған. Жақында Назарбаев пен Мирзиеевтің кездесуі барысында осы Аралды құтқару жайы талқыланды.
Ресей ғылым академиясының профессоры Николай Аладин Аралды бұрынғы қалпына келтіру мүмкін еместігін айтып отыр. Дегенмен, теңіздің Қазақстандағы бөлігін құтқаруға болады деп есептейді.