Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов БҰҰ Бас Ассамблеясының 69-отырысына қатысып, шетелдік әріптестері және халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесу үшін Нью-Йоркке сапары басталды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі. Нью-Йорктағы алғашқы күні ҚР СІМ басшысы америкалық компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Олардың ішінде: «Боинг», «Сикорски Эйркрафт», «Ситигрупп», «Шеврон» және т.б бар. «Ол сұхбаттастарымен шетелдік инвесторларға жаңа мүмкіндіктер мен қолайлы жағдайлар жасау туралы бастамаға қатысты әрі қарай ынтымақтастықты дамыту жайын және Қазақстанда іс жүргізу мүмкіндіктерін талқылады. Өз кезегінде іскерлер АҚШ-ты қоса алғанда, Қазақстан 10 мемлекеттің азаматтары үшін визасыз тәртіп орнатуын жоғары бағалады. Инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартуға бағытталған ҚР талпыныстарын ескере отырып, америкалық компаниялардың өкілдері Қазақстандағы бизнесін кеңейтуге қызығушылық танытты», - делінген хабарламада. Сондай-ақ, отандық СІМ басшысы шетелдік әріптестерімен де бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Олардың ішінде Алжир мен Коста-Рикалық әріптестері Р. Ламамара және Г. Санз да бар. Кездесулер барысында тараптар екі жақты қарым-қатынастардың жағдайы мен келешегі, ынтымақтастықты дамыту жолы, халықаралық ұйымдар аясындағы әріптестікке қатысты сұрақтар, сондай-ақ халықаралық күнтәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Бұған қоса, Е. Ыдырысов жетекші американдық БАҚ пен БҰҰ радиосына сұхбат берді. Сұхбаттар негізінен Қазақстанның 2017-2018 жж. БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігіне талпынысы барысында алдына қойған мұраты, Қазақстанның Украинадағы жағдайға байланысты пікірі, Климаттың өзгеруі бойынша саммитке байланысты көзқарасы мен ұсыныстары және Қазақстанның жалпы сыртқы саясаты жайлы болды. Е. Ыдырысовпен бірге жүрген қазақстандық делегация Азиядағы ынтымақтастық сұхбатының (АЫС) іс-шарасына қатысып, АСЕАН делегацияларының басшыларымен АЫС мен АӨСШК арасындағы іс-қимыл жөнінде пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды. АЫС негізгі мақсаты – қатысушылар арасында өзара пікір, тәжірибе алмасу, түрлі деңгейлердегі әріптестікті үйлестіру, жаһанданудың салдары мен талаптарына қатысты ортақ ұстанымдар қабылдау. ҚР СІМ басшысының Нью-Йоркқа сапары 27 қыркүйекке дейін жалғасады.