09.06.2017 в 10:18

ОҚО-ДА 140 МЫҢ ТҰРҒЫН  ЭКСПО-2017 КӨРМЕ БИЛЕТІН САТЫП АЛҒАН

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына санаулы сағаттар қалды. Оңтүстік Қазақстан облысы   тұрғындарды Астанаға жіберуге және қонақтарды күтіп алуға дайын. Бұл туралы аймақтық коммуникациялық орталықта өткен брифингте ОҚО кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Батырхан Құрмансейіт мәлім етті. 

Айта кетейік, бүгінде облысымызда «ЭКСПО-2017» көрмесіне 140 мың  билет сатылған.  Әлемдік деңгейдегі шараға облысымыздың  оқушылары да қатысатын болады. Яғни өңірден 3750 баланы көрмеге алып бару жоспарланып отыр. ЭКСПО көрмесінен мүмкіндігі шектеулі жандар, ардагерлер және зейнеткерлер де назардан тыс қалмайды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жасақтаған тізімімен 179 адам көрме  нысандарын тамашалай алады.

Бұдан бөлек, «Шымкент-Астана» бағытында жүретін поезд 86 вагон  3044 орынмен толықтырылып отыр.  Әуе бағытында да 16 755 қосымша орын бөлінген. 

«Қазіргі таңда «ЭКСПО-2017» көрмесіне бару кестесі әзірленуде. Облыс тұрғындарының орналасу мәселесі де шешілген. Бұл мақсатта  Қазақстан Агротехникалық Университеті мен Қазақстан Ұлттық Өнер Академиясынан күнделікті 600 орын брондалады. Уақытша тұрғын үйге мұқтаж  тұлғалардың өтініші Астана қаласындағы арнайы брондау бөліміне түседі. Тізім үнемі жаңартылып отырады», - деді облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Батырхан Құрмансейіт.

Қазіргі таңда 2490 орын арнайы өтінішпен брондалыпты. Өтініштердің басым бөлігі Кентау, Түркістан қалалары мен  Шардара және Мақтаарал аудандарынан және ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан келіп түскен.