Есептік жиын аймақтардың қатысуымен бейнеконференция режимінде өтті. Министр өз баяндамасында 2017 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өндірістік өнеркәсіп көлемі 7,1%-ға өскенін айтты. Оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібі (+7,8%), өңдеу өнеркәсібі (+6,8%), түсті металлургияның өсімі есебінен (+7,9%), қара металлургия (+9,3%) және фармацевтика (+49,7%) өсіп отыр.
Биыл индустрия 4.0 элементтерін енгізу аясында жүйелі шаралар пакетін және өнеркәсіпті цифрландыруда мемлекеттік қолдау құралдарын әзірлеу бойынша (заңнамалық өзгерістер, стандарттау және тағы басқалар) жұмыстар жүргізіледі.
2016 жылдың қорытындылары бойынша тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) 40% өсіп, 20,6 млрд. АҚШ долларын құрады (2015 ж. – 14,7 млрд. долл.). Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде биыл ақпан айында ЭЫДҰ кеңесі Қазақстанның ЭЫДҰ халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар жөніндегі декларациясына қосылуын, сондай-ақ, ЭЫДҰ инвестиция жөніндегі комитетіне «қауымдастырылған мүше» ретінде кіруін мақұлдады.
Техникалық реттеу және метрология саласында ЕАЭО-ның 40 техникалық регламенті бекітілді, оның 35-і күшіне енді. Стандарттау жөніндегі жоспарға сәйкес, 747 ұлттық стандарт әзірленді. Қазақстан Орталық Азия аумағы елдері ішінде бірінші болып 58 өлшеу мәліметтерінің (салмақ, қаттылық, температура, уақыт пен жиілік, ұзындық, рН өлшемі) халықаралық стандарттарға сәйкестігін дәлелдеді.
2016 жылы көлік саласында қызмет көрсету көлемі 3,8%-ға өсті. Логистика тиімділігінің халықаралық рейтингінде Қазақстан 88 орыннан 77 орынға көтерілді (ТМД-да үздік болды). Қытай-Еуропа-Қытай бағытында транзитті контейнерлік тасымал 2 есе өсіп, 104,5 мың контейнерді құрады (2015 жылы 47,3 мың).
2017 жылы контейнерлер санын 320 мың бірлікке дейін, оның ішінде Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша 165 мың контейнерге арттыру көзделіп отыр (Қазақстан аумағы арқылы 11 бағыт бойынша шамамен 100 контейнерлік пойыз өтеді).
Транзиттік авиажолаушылар саны 2016 жылы 250 мыңнан 478 мыңға дейін жетті. 2017 жылы олардың саны 600 мыңға жетеді деп жоспарланған. Негізгі жолаушылар легін Азиядан Қазақстан арқылы Еуропаға және кері бағытта қатынайтындар құрайды.
Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырымды құрайтын 15 жаңа жобаның құрылысы басталады. Жалпы алғанда, биыл 4,4 мың шақырым жолға жұмыс жүргізіліп, 100 мың адам жұмылдырылады.
2016 жылы жалпы тұрғын үй құрылыс алаңының физикалық көлем индексі 118%-ды құрады. 10,5 млн.шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл шамамен 90 мың баспана. Бұл сала бойынша инвестиция көлемі 2015 жылы 740 млрд. теңге болса, 2016 жылы 830 млрд. теңгеге жетті. Жүргізілген реформалар нәтижесінде кәсіпкерлер үшін құрылыс жүргізуге рұқсат алу мерзімі 3 айдан 1 айға дейін қысқарды. Аталған көрсеткіштер бойынша 2 жылда Қазақстан Бүкіләлемдік Банк рейтингісінде 152 орыннан 22 орынға көтерілді.
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бірыңғай бағдарламасы әзірленіп, оның аясында 1,5 млн. тұрғын үй салынатын болады. Ал, 2017 жылы 100 мың тұрғын үй салу жоспарланып отыр.