ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалауға халық көп келіп жатыр. Ашылған күннен 13 маусымға дейінгі аралықта көрмеге 88 мың 300 адам келген. «Астана конвершн бюро» ЖШС-нің директоры Санияр Айтекенов үш күннің нәтижесінде осыншама адам келгенін мәлімдеді.
Израиль павильоны: «Жасампаздық энергиясы»
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандырылған көрме аумағында «Жасампаздық энергиясы» тақырыбымен Израильдің павильоны ашылды. Бүгінде Израильде жоғары технология саласында 200-ден астам компания бар. Олар күн, жел және биомассалық энергетика саласындағы бірегей шешімдерді әзірлеуде.
Израиль – инновациялық технологиялар саласындағы көшбасшы елдердің бірі.
ЭКСПО-2017 көрмесінде қуаттың баламалы және қалпына келетін көздері аясындағы өзінің жетістіктері мен әзірлемелерін ұсынады.
«Біздің барлық жетістіктеріміз Израильдің адамдарының, олардың жасампаздықтың креативті дағдыларының арқасында мүмкін болды. Біз Израилдің болашағын жасампаздық қуатымен байланыстырамыз және осы саладағы өзіміздің дағдыларымыз бен тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз», – деді ЭКСПО-2017 көрмесінде Израиль Комиссары Элазар Коэн.
Монако: 2025 жылға дейін теңіздің үстінде эко-қала салмақ
Монако князьдігінің павильоны да көпшілікті қызықтырады. Мемлекет 2025 жылға дейін теңіздің үстінде эко-қала салмақ. Жалпы павильон 2 қабаттан тұрады. Оның ауданы – 750 шаршы метр. Қонақтар бұл павильонда толқын пішінінде жасалған экран арқылы фильм көре алады.
Сондай-ақ, көрермендер виртуалды көзілдірікпен Монако мен Жерорта теңізіне саяхат жасайды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар қонақтар үшін арнайы парфюм жасаған көрінеді.
Монако павильоны комиссарының орынбасары Александр Бокийон «Павильонымыздың тақырыбы – «Болашақтың бейнесі». Негізгі инсталляция 34 өздігінен қозғалатын пластинадан тұрады. Онда князьдік пен қоршаған орта арасындағы байланысты бейнелейтін фильм көрсетіледі. Павильонның екінші бөлігінде біздің елге виртуалды көзілдірік арқылы саяхат жасауға болады. Сіздер өз қалауларыңыз бойынша теңіз әлеміне еніп, әрі жоғарыдан әсем қаланың бейнесін көресіздер. Сонымен қатар фильм қосылған сәтте қонақтар Монаконың жұпар иісін де сезіне алады» дейді.
Сондай-ақ, көрме аясында Австрия, Грузия елдерінің павильоны ашылып, жұмысын бастады.
«ЭКСПО кубогы»: Бас жүлде – 50 мың доллар
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында бәйге түрлерінен «ЭКСПО кубогы» өтті. Жарыс ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған. Әлемнің 10-нан астам елінен жүйріктер келді. Сонымен бірге республиканың барлық облысынан және Астана мен Алматыдан келген құнан, жорға, топ бәйге, аламанға барлығы 150-ден астам сәйгүлік сынға түсті.
Жарыс бағдарламасы бойынша, аламан бәйге – 25 шақырым, топ бәйге – 15 шақырым, жорға жарысы – 7 шақырым, құнан бәйге – 7 шақырымға созылды. Ал дыз етпе, ұшқырлар екі топқа бөлініп, 2400 және 1800 метрге шапты. Ұлттық ойын түрлері аламан бәйге, топ бәйге, жорға аттар жарысы, құнан бәйге бойынша жүлде қоры – 36 млн теңгені құрады.
Астана шетіндегі «Қазанат» атшабарында өткен сайысқа халық көп жиналған. Бәйге алаңының жанындағы «ЭТНОАУЫЛ»-да қазақтың ұлттық салт-дәстүрі дәріптеліп, рухани мұрамыз әйгіленді.