21.06.2017 в 01:14

Қызылордада ЭКСПО-2017 көрмесі аясында этноауыл ашылды

Төрт өркениеттің төрі болған Сыр өңірінде туризм кластерін қалыптастыру мүмкіндігі мол. Жұлдызды аспан әлемі мен жұмыр жерді байланыстырған «Байқоңыр», түркі мифологиясының қайнар көзі «Қорқыт ата» кесенесі жаһандық «ЭКСПО-2017» көрмесінің саяхаттық бағытына енгені белгілі.  Ал киелі Қармақшы топырағына табан тіреген меймандар ұлттық дәстүр көріністеріне куә болып, бай дастарханнан дәм тата алады. Әйгілі абыздың мемориалдық кешені жанынан халықаралық көрме аясындағы этноауыл салтанатты жағдайда ашылды.

Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне орай ашылған этноауылда қаймағы бұзылмаған қазақтың салт-дәстүрі қамтылған. Мұнда келген туристер зергерлер мен қолөнершілердің таңғажайып туындыларымен таныса алады. Олар жүн, былғары, киізден жасалған табиғи таза дүниелерді сатып алуға да мүмкіндіктері бар. Жіп иіру, кілем тоқу сияқты алтын қолды шеберлердің де өнерін осы жерден тамашалауға болады. Салтанатты шарада қыз қуу, теңге ілу, асық атып, арқан тарту сияқты ұлттық ойындардың да көркі қызды. Ал жауырыны жуан жігіттер өзара түйе палуанды анықтады.

Өткеннен өнегелі тағылым беретін шара аясында жыраулық өнер де ұлықталды. Жырдың киесі қонған Ақмешіт атырабының аты алысқа тараған жыршы-термешілері ел тарихын тереңнен толғады. Түйіп айтқанда, Сыр еліне табан тіреген шетелдік қонақтар үшін  кіндігі алтын бесік ауылға байланған қазақ ұлтының бар құндылығын, рухани-тарихи мұраларын көріп, мәнін түсінуі үшін жақсы мүмкіндік болмақ.

Дерек көз: khabar.kz