Құрметті, ҚР Парламентінің депутаттары!
Ресейдегі Сіздердің әріптестеріңіз сейсенбі күні жаңа бір заңды қабылдады. Дәлірек айтар болсақ, Ресей Федерациясының ең жоғарғы заң шығарушы органы Мемлекеттік Дума кезекті бір заңды бірінші оқылымда қабылдады.
Орыс оппозициясы, қазіргі жаһандық оқиғаларға объективті баға беріп отырған белгілі бір орта бұған өзіндік қарсылығын білдіріп отыр. Аталған заң осылайша резонанс туғызды. Ресей депутаттары тез қабылдап жіберген заң ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарындағы шетелдік акционерлердің 20 пайыз үлесін қысқартуға бағытталған. Жән ол құжат бойынша, Ресей Федерациясында шетелдіктер БАҚ құрылтайшысы бола алмайды.
Ресей бұл арқылы өзінің ақпараттық кеңістігін тазартады. Өзгеше ойлайтын, елдің ішкі бірлігіне нұқсан келтіретін қандай да бір идеяның таралуына жол бермейді. Ал біздің елде ше? Дәл осы ресей(шіл)лік қаншама БАҚ біздің ақпарат кеңістігімізде өз дегенін істеп біртұтас қазақстандық идеяға көзге көрінбейтін кедергілерін жасап отыр екен?
Біздің елде жағдай басқаша. Осы мәселені тереңірек зерттеп, өздеріңізді сайлаған халықтың талабы ретінде қабылдай отырып, Үкімет басшысына біздің қалаулыларымыз ретінде мандаттарыңызды пайдаланып, депутаттық сауал жолдасаңыздар!
Көлікті техникалық байқаудан өткізуге дейін Ресейден үлгі алатын бізге орыстың дәл осы ұлттық қауіпсіздікке қатысты саяси шешімін көшіріп алу керек сияқты.