24.06.2017 в 00:26

ЭКСПО көрмесіне келушілер саны 2 млн-нан асты

Бүгін Астанада халықаралық деңгейдегі тағы бір ауқымды шара басталды. Ол – XIV Еуразиялық медиа форум. Бұл жолғы медиа форум «ЭКСПО-2017» аясында өтіп жатыр. Онда Ұлттық компанияның Басқарма төрағасы көрмеге қатысты соңғы мәліметтерімен бөлісті.

Ахметжан Есімовтың айтуынша, ашылғалы ЭСКПО-ға 300 мыңнан астам адам келген. Көрмені көруге бір емес, бірнеше рет құлық танытқандары көп. Соларды есепке алғанда күні бүгінге дейін кешен аумағына кіріп-шығушылар 2 млн-нан асқан.  Алғашқы аптаның өзінде елорда төріндегі ауқымды шара жайлы ақпарат құралдарында 3 мың материал жарияланыпты. 700-ден астамы шетелдік басылымдардарда.

Медиа форумда әлемнің 60-тан астам елінен келген қатысушылар жалған мәлімет таратуды тыю, жалпы ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздікті күшейту мәселесін қарады. Әрине, әлемдік экономика мен геосаяси ахуал да назардан тыс қалған жоқ.

Танымал журналистер, салмақты саясаткерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары мен медиа сарапшылардың басын қосқан 14-ші Еуразиялық медиа форумға әлемнің 60 елінен 600 делегат келді.

Ақпарат көзі: khabar.kz